Биыл сақтандыру секторының активтері 3,8 трлн теңгеге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сақтандыру нарығы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сектор активтері 3,8 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 20%-ға артты. Өсімнің негізгі қозғаушы күші – өмірді сақтандыру және ерікті сақтандыру түрлері. Сақтандыру шарттарының саны 18,8 миллионнан асып, нарық қатысушыларының таза пайдасы 222 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті.
2025 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, елде 25 сақтандыру компаниясы жұмыс істейді. Олардың оны – өмірді сақтандырумен айналысады.
Қыркүйек айының қорытындысында сақтандыру ұйымдарының жалпы активтері 3,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен аймен салыстырғанда 2%-ға, ал жыл басынан бері 20%-ға көп. Мұндай өсім негізінен сақтандыру қызметінен түскен табыс пен бағалы қағаздарға салынған инвестициялар есебінен болды.
Активтердің көп бөлігі (71,5%) бағалы қағаздарға тиесілі. Сондай-ақ банктердегі депозиттер 8,4%, ал сақтандыру компанияларына қарыздар 4,1% үлес алады.
Сақтандыру компанияларының міндеттемелері 2,6 трлн теңгеге жетіп, 1,5%-ға артты. Ал олардың меншікті капиталы 1,1 трлн теңгеге дейін өсіп, 3,2%-ға көбейді.
2025 жылдың қыркүйегінде сақтандыру секторының таза пайдасы 33,5 млрд теңге болды. Ал жыл басынан бері жалпы пайда 222 млрд теңгеге жетті.
Жеке және заңды тұлғалар арасында жасалған сақтандыру шарттарының саны 18,8 миллионға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Ең үлкен өсім өмірді сақтандыру саласында байқалды — ол екі есеге артқан.
Жыл басынан бері сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары. Өсімнің басым бөлігі ерікті жеке және мүліктік сақтандыру түрлеріне тиесілі.
Мысалы, өмірді сақтандыру мен зейнетақы аннуитеттері бойынша жиналған сыйлықақылардың көлемі 9–17%-ға артқан. Ал мүлікті ерікті сақтандыру бойынша өсім шамамен 20%-ды құрады.
Міндетті сақтандыру түрлерінде де өсім бар: биыл 201,5 млрд теңге көлемінде сыйлықақы жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Әсіресе көлік иелерінің азаматтық жауапкершілігін сақтандыру белсенді дамып келеді — бұл бағыттағы сыйлықақылар 18%-ға өскен.
Сақтандыру төлемдерінің көлемі де көбейді. Қыркүйек айында компаниялар 37,7 млрд теңге төледі, ал жыл басынан бері төлемдердің жалпы сомасы 319,7 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 37%-ға артық.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде жер үйді төтенше жағдайдан сақтандыру міндеттелетіні Үкіметте көтерілді.