Биыл үш айда балалардың терезеден құлауына қатысты 44 жағдай тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметтері бойынша, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда балалардың терезеден немесе биіктіктен құлауымен байланысты 44 оқиға тіркелген, оның ішінде 4 жағдай өліммен аяқталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 

Терезе
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Ең көп жазатайым оқиғалар Атырау облысында – 13, Астана қаласында – 8 (оның ішінде 3 өлім), сондай-ақ Маңғыстау облысында – 4 (оның ішінде 1 өлім) тіркелген.

Қайғылы жағдайлар көбінесе ерте жастағы және мектепке дейінгі балалар арасында болған. Бұл жас топтары қауіп-қатерді толық түсіне алмайды. Сондықтан ересектердің балаларға қысқа уақыт болса да назар аудармауы ауыр салдарға әкелуі мүмкін. 

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері мыналар:

- балаларды қараусыз қалдыру;

- жауапкершілікті үлкен балаларға жүктеу;

- терезелерде қорғаныш құрылғыларының болмауы;

- терезе маңында баланың өздігінен шығуына мүмкіндік беретін жиһаздың орналасуы;

- москит торларын қауіпсіздік құралы ретінде қате қабылдау.

Москит торлары тек жәндіктерден қорғауға арналған және баланың салмағын көтере алмайды. Аз ғана қысым түскенде олар баламен бірге құлап кетуі мүмкін, бұл ересектерде жалған қауіпсіздік сезімін тудырады.

Осы оқиғалардың алдын алу мақсатында ата-аналар мен заңды өкілдерге келесі шараларды ұстану ұсынылады:

- балаларды, әсіресе ашық терезесі бар бөлмеде, қараусыз қалдырмау;

- арнайы қорғаныш құрылғыларын (ашылуын шектегіштер, блокираторлар, балалар құлыптары) орнату;

- терезе маңына жиһаз орналастырмау;

- баланы үнемі бақылауда ұстау;

- балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру;

- қауіпсіз желдету функциясы бар терезелерді пайдалану;

- терезе құрылымдары мен бекітпелерінің сенімділігін тексеру.

Арнайы назар көпбалалы отбасыларға және балаларды қарт туыстар немесе кәмелетке толмағандар қарауында қалатын жағдайларға аударылуы тиіс, себебі бұл жағдайда ата-аналардың жүктемесі жоғары болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Петропавлда үш жасар бала терезеден құлап кеткенін жазғанбыз.