Биыл жазда Павлодар облысында 47 жағажай жұмыс істейді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында суға түсу маусымына орай 47 жағажай жасақталады.

люди пляж адамдар жағажай
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Олардың инфрақұрылымы жақсартылып, суға түсетін жерлерге барлау жүргізіледі.

Ашылатын жағажайдың 27-сі — коммуналдық, өзгесі жеке меншік. Мамандар Ертіс өзені өз арнасына түскен соң сүңгуірлер суға сүңгіп, жағажайларды барлап шығатынын айтады. Суға түсу маусымы шамамен маусым айының басында ашылуы ықтимал.

— Қазір құтқару қызметтері демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы мамандарды даярлап жатыр. Әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше мән беріледі. Облыс аумағында биыл 123 каркасты-модульді бассейн қызмет етеді. Ал суға түсуге тыйым салынған аймақтардағы ескерту белгілеріне қосымша QR-кодтар орнатылады. QR-кодтар арқылы демалушылар жағажай туралы ақпарат ала алады, яғни оның тереңдігі, қандай да бір оқыс оқиға болатын болса, осы ақпаратта белгіленеді. Қазіргі таңда 45 QR-код орнатылған, — дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.

Өткен жылы облыста 8 адам суға кетіп, көз жұмған. Оның біреуі бала. Төтенше жағдай мамандары қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналар балаларын су айдындарына бақылаусыз жібермеу керек екенін ескертеді.

Еске сала кетейік, Алматыда суға түсуге болмайтын 9 су қоймасы аталды.

Соңғы жаңалықтар