Биылғы баспана құрылысының жоспары орындала ма
АСТАНА.KAZINFORM — 2026 жылдың сегіз айында 11 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлім етті.
- Осы жылы 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 188 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Алдын ала статистикалық деректерге сәйкес, 8 айдың қорытындысы бойынша 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 105,9 мың пәтер пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 55,3%-ын құрады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, биыл 155 млрд теңге көлемінде кредиттік тұрғын үй бойынша 12,6 мың пәтерді салу және сатып алу, сондай-ақ 269 млрд теңге сомасында 13,5 мың пәтерді жалға берілетін тұрғын үй ретінде сатып алу жоспарланған.
- 87 млрд теңге сомасына 2-5% мөлшерлемемен 6,2 мың қарыз және «Наурыз» бағдарламасы бойынша 350 млрд теңге сомасына 11,9 мың қарыз берілді, - деп нақтылады Құрылыс министрлігі.
Бұған дейін салынып жатқан үйден пәтер алмас бұрын алдымен нені міндетті түрде тексеру керек екенін жазған едік.