Білім беру саласындағы басты міндет - отандық озық тәжірибені әлемдік үздік үлгімен ұштастыра білу - К.Шәмшидинова
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Фундаменталдық білім беру - қазақстандық білім беру жүйесінің тиімді бағыты.
Бүгін 2010 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстырған «Назарбаев зияткерлік мектептері» акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова осылай айтты.
«Біз 2010 жылы көптеген елдердің білім беру саласындағы жетістіктерін сараладық. Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Швейцария, Люксембург, Швеция, Финляндия сияқты елдердің білім беру жүйесіндегі жетістіктермен таныса келе, осы салада қандай мәселелерге басымдық беру қажеттігін және халықаралық білім беру жүйелерінің артықшылықтарын анықтадық. Осы арқылы біз білім беру ісінің нәтижесін бағалай білудің аса маңызды екеніне көз жеткіздік. Бұл ретте оқушының қаншалықты білім алғандығы емес, оның алған білімін қаншалықты пайдалана алатындығы маңызды болып отыр»,-деді Басқарма төрайымы.
Оның сөзіне қарағанда, белгілі бір пәнді меңгеруге кететін уақыттың 25 пайызы оқушының өзіндік жеке жұмыс жобасына шығындалуы керек. «Мұндай шара біздің мектептерде жоққа тән. Сондай-ақ бізге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен тұратын салмақты тілдік орта қалыптастырған жөн. Бұған қоса жоғары сынып оқушыларын дайындайтын арнайы бөлек мектеп болуы керек. Өйткені осы мектеп жас жеткіншекті жоғары оқу орнына түсуге дайындайды. Біз әрине, білім беру бағытында отандық тәжірибені де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бұл реттегі біздің көз жеткізгеніміз, фундаменталды білім беру біздің білім беру жүйеміздің ең тиімді жағы болып шықты. Сондықтан қазір біздің алдымызда еліміздің үздік білім беру тәжірибесі мен дәстүрлерін сақтай отырып, оларды әлемдік озық үлгімен ұштастыра білу міндеті тұр»,-деді К.Шәмшидинова.