Былтыр ақылы жолдардан 90 млрд теңгеге тарта қаражат жиналды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге түсті. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.
— Былтыр ақылы жолдардан 87 млрд теңге жиналды. Ақылы жолдардан түсетін барлық кіріс автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мен дамытуға толықтай бағытталады. Бұл қаражат жол жабынын жүйелі түрде жөндеуге және қалпына келтіруге, жол инфрақұрылымын тазалау мен күтіп-ұстауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол белгілері, жарықтандыру жүйелері мен инженерлік құрылыстарды орнатуға және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады, — делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, аталған қаражат есебінен автомобиль жолдарын қысқы және жазғы кезеңдерде күтіп-ұстау жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде қар тазалау, көктайғаққа қарсы өңдеу мен жол жиегін абаттандыру шаралары қамтылады.
— Осылайша, ақылы жүйе жолдардың сапалы күйін сақтауға және барлық жол пайдаланушылары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс жағдайларын жасауға мүмкіндік береді, — деп нақтылады министрлік.
Айта кетейі, бұған дейін көлік жүргізушілері қай ақылы жолмен көп сапар шегетіні белгілі болды.
Сонымен қатар, ақылы жолдардағы төлем жасау ережелері жеңілдейтіні мәлім болды.
Жаңартылған тәсілдер жүргізушілерге төлемді уақытылы жүзеге асыру үшін қосымша уақыт пен мүмкіндіктер ұсынып, төлем жасау үдерісін барынша ыңғайлы әрі түсінікті етуді көздейді.