Былтыр Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы жарыққа шықты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкент қаласында Өзбекстан Жазушылар одағына қарасты Қазақ әдебиеті кеңесінің есеп беру отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Былтыр Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы жарыққа шықты
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Жиынға кеңес төрағасы, мүшелері мен Өзбекстандағы белгілі қазақ қаламгерлері қатысты. Оның барысында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, қазақ-өзбек әдеби байланыстарын нығайту мүмкіндіктері талқыланды. 

— Былтыр Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға тарта кітабы жарық көрді. Еңбектердің тең жартысы Қазақстандағы баспалардың көмегімен жарияланды. Сондай-ақ бірқатар қазақ жазушысының шығармасы Өзбекстанда басылып шықты. Бұл екі ел арасындағы әдеби байланыстардың тереңдей түскенін айғақтап отыр, - деді Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов. 

қаламгер
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

2024 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлері Абдулла Рүстемовтің «Қайран дүние», Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды» атты еңбектері жарияланды. Сонымен қатар Жарасқан Мырзамұратовтың «Ақиқаттың дәмі ащы» және Лола Жүнісқызының «Қарасу жырлары» кітаптары басылып шықты. 

— «Отандастар» қоры мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Ұлы дала» халықаралық байқауында Жарасқан Мырзамұратов пен Лола Жүнісқызы жеңімпаз атанды. Мұны Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің жетістігі деп санаймыз. Аталған екі жазушы Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Сондай-ақ ақын Қошқарбай Байжігітов те одақтың мүшелігіне өтті, - деді Тұрсынәлі Ахметов. 

кітап
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бүгінде көршілес мемлекетте қолына қалам ұстаған 70-ке жуық қандасымыз бар, солардың 13-і - Өзбекстан Жазушылар одағына мүше. 

Олар көбіне көркем аударма, поэзия бағыттарында жемісті еңбек етіп келеді. Бұл ретте былтыр Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі куәлігін алды. 

Айта кетейік, Өзбекстандағы қандас қаламгерлердің еңбектері осы мемлекеттегі қазақ мектептеріне таратылады.

Соңғы жаңалықтар