Бір ай бойы пойызда өмір сүріп, халыққа қызмет көрсеткен әрбір азамат ерекше құрметке ие - Ғ. Телебаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Жылына арналған «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы 23 наурызда Астанадан аттанып, бір ай бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, 27 елді мекен мен моноқалаларда болып, ондағы халықпен кездесіп, 22 сәуір күні елордаға қайтып оралды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі осы пойыздың жетекшісі, ҚР президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаевпен акция барысы туралы әңгімелескен еді.

Бір ай бойы пойызда өмір сүріп, халыққа қызмет көрсеткен әрбір азамат ерекше құрметке ие - Ғ. Телебаев

- Ғазиз Тұрысбекұлы, биылғы Ассамблея жылы туралы ойыңызбен бөлісе кетсеңіз...

- Өздеріңіз білесіздер, Президенттің Жарлығымен 2015 жыл Ассамблея жылы деп белгіленген болатын. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай жасалған еді. Биыл елімізде көптеген атаулы мерейтойлар бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғындағы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы. Соның ішінде Президент осы Ассамблеяның 20 жылдығын таңдап алып, былтырғы сессияда "келесі жыл Ассамблея жылы" болсын деген болатын. Менің ойымша, ол кісінің бұлай жасаған себебі, біздің қоғамда болып жатқан барлық оң өзгерістердің негізі - татулық! Қоғамдағы келісім. Қоғамда келісім болмаса, экономиканы алға жылжыту, əлеуметтік мəселелерді шешу өте қиын. Мысалы, келісім жоқ жерде адамдар бірін-бірі тыңдамайды. Ал қоғамдық келісім дегеніміз, ең алдымен бір-бірін тыңдай білу, бір-бірін түсіне білу, бір-бірінің айтқанына сенімділікпен қарау. Негізінен, атам замандарда мемлекеттер қоғам мен билік арасындағы келісімнің арқасында құрылған. Əуелі десеңіз, батыс ғалымдарының айтуынша, билеуші топ пен негізгі халық арасында мемлекет құратын келісімшарт жасалған. Сонда ғана мемлекет құрылады, оның басшылары сайланады немесе тағайындалады. Сол себептен де кез келген мемлекетке татулық керек, бұл біздің негізіміз. Міне, биылғы жылдың Ассамблея жылы деп белгілену себебі де осы.

- Биыл Ассамблеяның атқарар жұмысы көп екені айтпаса да түсінікті. Сондай шаралардың негізгілеріне тоқтала кетсеңіз.

- Ассамблея осы жылға орай көптеген іс-шараларға мұрындық болып жатыр. Ақпан айының 6-сында осы Жылдың бастауы ретінде Астанада үлкен шара болған. Сонымен қатар, мұндай шаралар барлық облыс орталықтары мен аудандарда, бір сөзбен айтқанда бүкіл Қазақстанда болды. Осы салтанатты шара барысында көптеген іс-шараларға бастау берілген болатын. Мəселен, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт балаларына арналған "Мыңбала", Ассамблея тақырыбын қаузап жүрген журналистер үшін "Шаңырақ" жəне басқа да көптеген конкурстар жарияланды. Сонымен қатар, сол Ассамблея жылының бастау алуына арналған шара барысында "Тайқазан" деген үлкен іс-шара да қолға алынды. Өздеріңіз білесіздер, тайқазан қазақ халқы үшін киелі зат. Тайқазанды ел бірлігінің символы ретінде қарастыруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, оған көп адамды тойдыратын ортақ ас əзірлеуге болады. Бірақ оның басқа да - рухани мағынасы бар. Осы ретте біз тайқазанды игі істерді өзіне жинақтайтын құрал ретінде қарастырып отырмыз. Алдымен ол киелі Түркістаннан Астанаға əкелінді. Сосын Астанадан басқа қалаларға жол тартты. Əр облыс өзіндегі 20 шақты игі іс-шарасын жинақтап, сол тайқазанға "салып", келесі өңірге жіберіп отырады. Бұл тайқазан осылайша үш айға жуық уақыт бүкіл елімізді аралап отырып, Ассамблеяның 23 сəуірде өтетін сессиясында Астанаға жеткізіледі.

- Ассамблея жылына арналып отырған шаралардың бірі де бірегейі «Менің Қазақстаным» пойызы деп айтуға болатын шығар. Осы ретте бұл пойыздың маңыздылығы мен миссиясы туралы айта кетсеңіз...

- «Менің Қазақстаным» пойызы - Ассамблеяның бастамасы. Бұл бастама да жаңа айтқан Тайқазан іс-шарасы іспеттес. Осы пойызбен Астана мен Алматыдан жиналған мамандар мен дəрігерлер, əнші-өнерпаздар Қазақстанды аралауға шықты. Сапар 23 наурызда басталған болатын. Сол күні Астана вокзалында салтанатты шығарып салу шарасына Мəдениет министрі, Ассамблея хатшылығының басшылары қатысты. Пойыздың ең негізгі мақсаты, миссиясы - Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып, Ассамблеяның құндылықтарын дəріптеу, насихаттау. Сол себептен бұл пойыз үлкен стансаларға, облыс орталықтарына тоқтамайды, шағын қалаларға ғана, аудан орталықтарына ат басын тірейді. Ол жерлерде, ең біріншіден, Ассамблея тұрғысынан Парламент депутаттары, Ассамблеяның сараптамалық кеңесінің мүшелері, Қоғамдық келісім ұйымының қызметкерлері бірігіп, жергілікті халыққа дəріс оқып, кездесулер ұйымдастырып, семинарлар өткізеді жəне "Теңдессіз сый" атты акция аясында жергілікті кітапханаларға кітаптар тарту етеді. Біздің арамызда Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкерлері бар. Олар да өз тарапынан кітаптар сыйлайды. Сонымен қатар, бұл пойызбен медициналық сала мамандары да халыққа қызмет көрсетуге шықты. Олар іріктеліп алынған өте жоғары білікті мамандар. Медицинаның 20 шақты саласының осындай майталмандары халықты қабылдап, қажет деп тапқандарына облыстық, республикалық емханаларға жолдама береді. Сондай-ақ, бұл пойыздағы заңгерлік, кəсіпкерлік мəселелер бойынша кеңес беретін мамандар, əлеуметтік сала мамандары, білім жəне ғылым министрлігінің қызметкерлері тоқтаған қаламызда бір күн бойы халыққа қызмет етті. Тағы бір айта кететіні, кешке қарай осы шаралар еліміздің өнер майталмандары ұсынатын концертке ұласып отырды. Әрине халықтың рухын да көтеру керек. Көңіл-күйін жоғарылату керек. Сондықтан біздің арамызда көптеген белгілі халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер, жас орындаушылар болды.

Жалпы, біз мақсатқа жеттік, өйткені халықтың көңіл-күйін көріп келдік, көңіл-күйін көтердік деп айтуға да болады.

- Жаңа өзіңіз айтқандай пойыздағы мамандар өздеріне жүктелген елдің мәселесін сол жерлерде шешті. Дегенмен табан астында шешіле қоймайтын, жоғарыға жеткізуді талап ететін мәселелер де болды ғой?

- Әрине, бізде халықпен кездесулер бірнеше түрде болды. Депуттатар жеке қабылдады, түрлі сала қызметкерлері де жеке-жеке өз салалары бойынша қабылдады. Сонымен қатар, үлкен кездесулер де болды. Мәселен, Ассаблеяның құндылықтарын түсіндіруде дәріс берілді, семинар-тренинг өткізілді. Солардың бәрінде көптеген мәселелер көтерілді. Оларды бірнеше деңгейге бөлуге болады. Жергілікті деңгейдегі мәселелерді біз жергілікті билік органдарымен бірге шешіп отырдық. Екінші бір мәселелер жергілікті деңгейде шешілмейді. Оларды тек облыстық деңгейде ғана шешуге болады. Сол себептен біз құзырлы мемлекеттік облыстық органдарға оларды мүмкіндігінше шешіп отыруға тапсырма бердік. Үшінші деңгей - республикалық. Мысалы министрлік, Парламент немесе заң деңгейінде шешелітін мәселелер бар. Кейбір мәселелерді Заңға өзгеріс енгізбейінше, шешу өте қиын. Олардың барлығын әріптестерімз жазып алды. Астанаға енді жетіп жатырмыз, сондықтан оларды іріктеп, аналитикалық есеп жасап, жуық арада тиісті органдардың алдына мәселелерді қоятын боламыз.

- Жаңа өзіңіз пойыз 27 елді мекен мен қалаларда болды деп айтып жатырсыз. Солардың барлығын қосқанда, шараға қанша адам қамтылды?

- Біздің іс-шараларға тікелей қатысқан адамдардың саны 177 мың болды. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Соның ішінде концерттерге халық өте көп жиналды. Біз мысалы Сарыағаш сияқты кейбір қалаларда 15-20 мың халық жинадық. Сонымен қатар, әрине көптеген адамдар медициналық көмекке жүгінді. Осы 27 қалада 10 мыңға жақын адам медициналық көмек алыпты. Бұл да менің ойымша жақсы көрсеткіш. Заңгерлік кеңестерді 700-ден астам адам алды. Әлеуметтік сала бойынша 450-ге жақын адам қанағаттандырарлық жауаптарға ие болды. Көптеген адамдар кітапхана мамандарының іс-шараларына қатысты. Мысалы ұйымдастырылған кітап көрмелерін тамашалағандардың саны шамамен 9 мыңнан асты. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі өз шараларына көптеген жастарды тарты. Жастармен кездесу, қоғамдық іс-шаралар, ағаш егу, флеш-моб шараларына 14 мың адам қатысты. Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері 650 адамға қызмет көрсетті.

- Ерекше есте қаларлықтай, осы акцияның нақты бір адамға шарапаты тиген оқиғалар болды ма?

- Иә, ондай оқиғалар да болды. Мәселен, Аягөз ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары 6-7 жыл бойы құжатсыз өмір сүріп келе жатқан отбасы мүшелеріне сол жерде құжат әзірлеп берді. Ал Теміртау қаласында тасқын судан зардап шеккендерге арнап пойыз қатысушылары өз еріктерімен қаражат жинап, 237 мың теңге қаржыны оларға көмек ретінде ұсынды. Сондай-ақ, пойызда келе жатқан дәрігерлеріміз Жаңаарқа ауданында босануы қиын болып, денсаулығына қауіп төніп тұрған әйелге шұғыл ота жасап, ананы да, баланы да аман алып қалды. Айта берсек, мұндай оқиғалар көп болды. Сондықтан бір ай бойы пойызда өмір сүріп, ыстыққа да, суыққа да шыдап, халыққа қызмет көрсеткен әрбір азамат ерекше құрметке ие деп айтуға болады.

- Әңімеңізге көп рахмет! Еңбектеріңіз жана берсін!