Бір-екі адамды құтқарған соң өрт сөндірушінің де көзінде от пайда болады – құтқарушы
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Күн сайын өз өмірін қатерге тігіп өзгені құтқаруға ұмтылатындар – өрт сөндірушілер. Лаулаған оттың ортасына кіріп, көзге түртсе көргісіз көк түтінде ес-түссіз жатқандарды көтеріп алып шығатын бейбіт күннің батырлары қандай қошеметке де лайық. Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы Арман Наурызбаевтың бұл салада үздіксіз тер төгіп жүргеніне 20 жылдан асқан. Бүгінгі кәсіби мереке - Құтқарушы күніне орай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ол жұмыста болған түрлі оқиғаларды еске алды.
- Бала күннен өрт сөндіруші болуды қаладыңыз ба?
- 1982 жылы Өскеменде дүниеге келдім. Бірақ балалық шағым Күршім ауданы Теректі ауылында өтті. Сол жақтағы орта мектепте білім алдым. 8 жасымда досыммен бірге сіріңкемен ойнап жүрдік. Кенет оның қолындағы сіріңке жерге құлап, сарайдағы пішенге от жайылды.

Қас-қағымда өрт лаулап кететінін кім білген?! Сол бір оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп жетіп, малды қауіпсіз жерге көшіріп, тілсіз жауды толықтай ауыздықтады.
Олардың киіміне, жылдам әрекет еткеніне қарап қызығып, өскенде солар сияқты болғым келді. Құдайға шүкір, бүгінде сол мақсатыма жеттім.
Мектеп бітірген соң 1999 жылы Көкшетаудағы техникалық институтқа «өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығына оқуға түстім. 4 жыл бойы сонда білім алып, Өскеменге оралдым. Еңбек өтілім 2003 жылы қаладағы №1 өрт сөндіру бөлімшесінде басталды.

- Сол уақыттан бері осы салада үздіксіз қызмет етіп келесіз бе?
- Иә. Бұл салада жүргеніме оқуды қоса санағанда екі жылдан кейін ширек ғасыр болады екен. Алғашқы жұмыс орнымда білікті бастықтар, тәжірибелі әріптестерден көп дүние үйрендім. Тағылымдамадан өткен соң ең бірінші шақыртуға барғаным есімде.
Буров көшесіндегі көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде түнгі уақытта өрт шыққан-тұғын. Есікті бұзып ашып, ішке кіргенімізде қимыл-қозғалыссыз жатқан екі адамды көрдік. Өкінішке қарай, екеуі де мерт болып кетіпті. Осыдан оттың қаншалықты ауыр жағдайларға әкеліп соғатынын түсіндім.

2005 жылы ақпан айында бесқабатты үйдің бірінші қабатын түгел алып тұрған «Березка» сауда үйі жанған болатын. Шұғыл келіп жетіп, жалынның үйлерге таралуына тосқауыл қойдық.
Сауда үйіндегі түрлі тауарлардың ұрлануына жол бермес үшін күзетшілерге жеткіздік. Бұл оқиғадан кейін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының қолынан Мақтау қағазын алдым. Қазір де жұмыс орнымдағы қабырғада ілулі тұр.
Талай өрт шыққан жерлерде штаб бастығы болдым. Бұл деген бірнеше өрт сөндіру бөлімшесінен келгендерді топқа бөлу, іс-қимылдарын үйлестіру. «Сендер үйге мына жақтан кіріңдер, ал қалғандарың осы жақта тұрыңдар» деген секілді бағыт бересің.
2006 жылы №2 өрт сөндіру бөлімшесі бастығының орынбасары болып тағайындалдым. 2012-2017 жылдары №5 өрт сөндіру бөлімшесін, 2016-2019 жылдары №2 өрт сөндіру бөлімшесін, 2019-2020 жылдары №9 өрт сөндіру бөлімшесін, 2020-2021 жылдары №4 өрт сөндіру бөлімшесін басқардым.
2021 жылдың шілде айынан Шемонаиха аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарып келемін.

- Сөндіруге барған ең ірі өрттеріңіз қандай? Адам құтқарған сәттеріңіз болды ма?
- 2015 жылы Соградағы жылу және электр станциясы өртенген еді. Жеке құрамнан 45 адам мен 10 автоцистерна жұмылдырылды. Жалынның шығуына өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған.
Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 1600 шаршы метрді құраған. Шамамен 6 сағаттың ішінде өрт толықтай өшірілді.
Адам құтқарған кездер де болды. Қай жылы екенін нақты ұмытып қалыппын. Опытпое поле ауылындағы екіқабатты үй отқа оранған.
Сол кезде үй ішінде ес-түссіз жатқан ер адамды көтеріп сыртқа алып шықтым. Оған жасанды дем беріп, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Сөйтіп ол аман қалған еді.
2004 жылы пәтерде газ плитасына тамақ қойып, ұйықтап қалған әйелді құтқардым. Өртсөндіргіш автосатысы арқылы бесінші қабатқа көтеріліп, оны алып шықтым.
Сәл кешіксек иіс тиіп көз жұмуы әбден мүмкін ғой. Бір қызығы, бұл оқиға 1 қыркүйек – Білім күнінде болған. Ал әйел мұғалім болып жұмыс істейді екен.
Бір оқыс жағдайды айта кетейін. 2017 жылы отқа оранған жер үйге әріптесіміз кіріп бара жатқан. Кенет газ баллоны жарылып, ол бірнеше метрге ұшып түсті. Әйтеуір, дін аман. Бірақ сәл ертерек кірсе не боларын елестетудің өзі қорқынышты.
№2 өрт сөндіру бөлімшесінде жүргенде күніне 22 шақыртуға дейін баратынмын. Далада, орманда шыққан жалынмен күреске де талай аттандық.


- Дала, ормандағы өрт демекші, соңғы күндері облыс аумағында өрт жиіліп кеткендей. Тіпті бір уақытта біздің өңірден бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызыл жалын белең алды. Ел арасында бұл қасақана ұйымдастырылған деген сөз де айтылып жүр. Осы тұрғыда сіздің пікіріңіз қандай?
- Әр жердегі өртті жеке қарау керек. Осылай деп кесіп айта салуға болмайды. Адамдардың от жаққанда қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан, темекі тұқылын лақтыруынан өрт шығып жатады. Ал кейде найзағай себеп болады. Облыстағы дала өрттерінің көбі осы найзағайдан шыққан.
- Қостанай облысындағы өрттен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың материалдық жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Шынын айту керек, осы уақытқа дейін жалақысының мардымсыздығынан басқа жұмысқа ауысып жатқан өрт сөндірушілерді аз көрмедік.
- Иә, рас. Бізде де кейбір жігіттер отбасын асырау үшін айлығы жоғары басқа жұмысқа кетіп жатады. Қимай қоштасып, сағынатынын айтады. Ешкім мол ақша табу үшін өрт сөндіруші болып жүрген жоқ. Оларда қоғамға пайдамды тигізсем, адамдарды құтқарсам деген ниет бар. Әрине, жалақы жоғарылып, баспана беріліп жатса нұр үстіне нұр болар еді.


- Хабар түскен соң өрт сөндірушілер оқиға орнына неше минутта жетіп үлгеруі тиіс?
- Арақашықтыққа байланысты. Бірақ ең ұзақ дегенде 5-6 минут ішінде жетіп үлгеруі қажет. Бірақ кейде үй ауласындағы шлагбаум, тұраққа дұрыс қойылмаған автокөліктер кедергі келтіріп жатады. Сондайда көліктен түсіп, жүгіріп баруға тура келеді. Себебі сын сағатта әр секунд алтыннан қымбат.
- Көп жағдайда үйлерде от неден шығып жатады?
- Негізінен өрт тоқтан, пештен шығады. Тұрғындар пешті дұрыс орнатпай, қатты қыздырып жібереді. Үзілейін деп тұрған тоқты скотчен байлай салатындар кездеседі. Соның салдарынан өрт болады. Осы ретте, халыққа айтарым – қауіпсіздік ережелерін әрдайым сақтап, барынша абай болыңыздар!
Түнде телефон қуаттағышын тоққа қосып ұйықтап қалатындар бар. Бұл да қауіпті. Азаматтар дәл өзінің үйінде өрт шықпайды деп ойлайды. Бірақ апат айтып келмейді ғой.
- Жұмысқа жаңадан келгендерге қандай ақыл-кеңес бересіз?
- Бұрын бізге негізінен басқа салаларда еңбек еткен, қолынан біраз дүние келетін адамдар жұмысқа тұратын. Ал қазір мүлде тәжірибесі жоқ жастар да жиі келуде. Оларға бәрін басынан бастап үйретеміз. Бір үйдің еркелері де болады. Әрдайым жол нұсқап, бағыт беруге тырысамын.


Күні кеше бала болып келгендер, бір-екі адамды құтқарған соң көздерінде от пайда болады. Қай саланы алсақ та ешкім дайын маман болмайды ғой. Тәжірибе жинап, көрген-білгенін санаға түйіп барып қалыптасады. Біздің жұмыста да дәл солай.
- Өрт сөндірушінің бойында қандай қабілет болу керек?



- Ең әуелі елге қызмет етемін деген шын ниет, ынта болуы тиіс. Одан кейін ерік-жігер, табандылық, қызметіне адалдық, жауапкершілік, шыдамдылық керек дер едім. Өз ісіне немкетті қарайтын, мойнына жүктелген жауапкершілікті сезінбейтіндермен дереу қоштасамыз. Үйлерді, аулалаларды аралап тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру де бізге жүктелген міндет. Сол үшін адамдармен тіл табыса алу да өрт сөндірушіге қажет қасиет.
- Әңгімеңізге көп рахмет!