Бірқатар шет мемлекеттердің басшылары Н. Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар шет мемлекеттердің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтсақ, Елбасы Сербия Президенті Томислав Николичпен телефон арқылы сөйлесті.
Телефон арқылы сөйлесу барысында Т.Николич Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Қазақстан Президенті Сербияның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Украинадағы дағдарысты реттеуге және Ұйымға мүше елдердің сындарлы диалогын дамытуға қызмет етеді деп үміттенетінін жеткізді.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербияның достық қарым-қатынастарын одан әрі нығайту бағытындағы бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін айтты.
Телефон арқылы сөйлесуге Сербия жағы бастамашы болды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.
Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Сондай-ақ мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен Астрахань қаласында 2014 жылғы 29 қыркүйекте өткен Каспий маңы мемлекеттерінің Төртінші саммитіндегі кездесуде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Телефон арқылы сөйлесуге Әзербайжан жағы бастамашылық етті.
Одан кейін Мемлекет басшысы Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанмен телефон арқылы сөйлесті.
Виктор Орбан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады және Қазақстан халқының алдында тұрған ауқымды реформаларды табысты жүзеге асыруға тілестік білдірді.
Сондай-ақ Венгрия Премьер-Министрінің Қазақстанға сәуірде жасаған сапарының қорытындыларын ескере отырып, екіжақты қарым-қатынастардың келешегі талқыланды.
Телефон арқылы сөйлесуге Венгрия жағы бастамашылық етті.