Бірыңғай жиынтық төлемінің басты артықшылығы неде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлемін енгізу жоспарланып отыр. Ол арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер барлық әлеуметтік төлемдерді жасай алады. Соның ішінде зейнетақы жарнасы, табыс салығы, әлеуметтік төлем және медициналық сақтандыру қорына түсетін жарна да бар. Оның көлемі бір айлық есептік көрсеткіш - 2 405 теңгеден аспайды. Ал ауылдық жерлерде екі есе төмен болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарушы директоры Нұрсұлу Кемелдің айтуынша, бірыңғай жиынтық төлемі келесі жылдан бастап енгізіледі деген жоспар бар. Сол кезде бір айлық есептік көрсеткіш 2 525 теңге болады. Сонда ол ақшаның 10 проценті - 252 теңгесі табыс салығына, 20 проценті - 505 теңгесі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 30 проценті - 750 теңгесі зенетақы қорына, ал 40 проценті - 1000 теңгесі медициналық сақтандыру қорына түседі. "Осының бәрін бөлек-бөлек төлеудің қажеті жоқ. Адам бірыңғай жиынтық төлемін айына бір рет жасайды да, ол ақша барлық қорларға автоматты түрде таралады. Енді, былай ойлап қарасаңыз, бұны салық деп айтуға келмейді. Себебі ақшаның тек 10 проценті ғана табыс салығы ретінде төленеді. Қалғаны - әлеуметтік аударымдар. Бұның барлығы ортақ қазынаға емес, адамның жеке есепшотына түседі», - деді Н.Кемел ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Маманның сөзіне қарағанда, әлеуметтік аударымдардың мөлшері аз. Дегенмен, соның арқасында мемлекеттен біраз көмек алуға болады. Мәселен, өзін-өзін жұмыспен қамтып жүрген адам зейнет жасқа шыққанға дейін бес-он жылдай бірыңғай жиынтық төлемін аударса, өз әріптестеріне қарағанда базалық зейнетақыны көбірек алады. Себебі зейнеткердің еңбек өтілі жинақтау жүйесіне қатысу уақытымен де есептеледі. Бұдан бөлек, жарақат алып, мүгедек болып қалса, мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек әлеуметтік сақтандыру қорынан да қосымша ақша алуға мүмкіндік бар. Асыраушысынан айырылғандар мен декретке шыққандарға да тура сондай көмек беріледі.
«Ал, ең бастысы, бірыңғай жиынтық төлемін аударған адам медициналық көмекті ешбір шектеусіз ала береді. Оның ішінде жоғары теxнологиялық медицина, қымбат операциялар, дәрі-дәрмектер және тағысын тағы. Соның бәрі қолжетімді болады. Себебі барлық шығындар медициналық сақтандыру қорынан төленеді. Ол жақта аударылған жарнаның мөлшеріне қарамайды. Адам өз төлемін жасады ма, болды, барлық медициналық қызметтерді ала береді. Мысалы, бірыңғай жиынтық төлемінің 1000 теңгесі бес жылдай медициналық сақтандыру қорына түсіп тұрса, 60 мың теңгедей жиналады. Осы уақыттың ішінде адам қатты ауырып қалса, ем-домды тегін ала береді, тіпті 1 миллион теңгенің операциясын жасата алады. Сондықтан бірыңғай жиынтық төлемі арқылы адам өзін қорғай алады. Аталған бастаманың негізгі идеясы да сол, әлеуметтік қорғауды күшейту. Себебі бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер әлеуметтік қорғаудан тыс қалып отыр», - деп атап көрсетті Н.Кемел.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі. Жақын арада оны Үкіметте таныстырмақшы. Одан кейін Парламент қарауына жібереді. Бірыңғай жиынтық төлемі енгізілгеннен кейін оны өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген кез келген азамат ерікті түрде төлей алады.