Бишімбаев ісі: Байжанов 4 жылын абақтыда өткізеді

Бақытжан Байжанов
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырды деп айыпталған экс-министрдің інісі Бақытжан Байжанов сот үкімімен 4 жылға сотталды. 

Байжанов 4 жыл көп мерзім екенін айтып, қарсылық танытқанын атап өткен жөн. Судья Айжан Құлбаева қайта бұл жеңілдетілген жаза екенін жеткізді.

«Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Сот жаза тағайындау кезінде сотталушылар Бишімбаев пен Байжановтың кәмелетке толмаған балаларын ескеріп, мұны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды», - деді судья.

 

Ол сот процесі басталғаннан бері өзінің кінәсіз екенін айтып, марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарынан бірнеше рет кешірім сұраған болатын.

«Салтанат қорылдап ұйықтап жатты. Жаман ой келмеді. Жедел жәрдем шақырып, дабыл қағуым керек еді. Осы сұмдық оқиғадан қабырғасы қайысып отырғандарға шын жүрегіммен жаным ашиды. Салтанаттың туған-туыстарына көңіл айтамын. Маған сенбейтін шығарсыздар. Бірақ жүрегім ауырып, қайғырамын. Себебі, Салтанатты өте жақсы қырынан танитынмын. Мен бәрінен кешірім сұраймын. Ең бірінші, Салтанаттың туыстарынан, достарынан, өзімнің ата-анамнан, жұбайым мен балаларымнан кешірім сұраймын. Мен жауапкершілікті толықтай мойныма аламын. Сол қайғылы күні жағдайды толық түсініп, бағамдай алмағаным үшін өкінемін», - деген еді Байжанов алдыңғы сот процестерінің бірінде.

Тіпті, Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов Байжановты кешіруге дайын екенін айтқан еді.

«Ол тек ағасының кесірінен тергеліп жатыр. Оның балалары барын білеміз. Әйелі, әке-шешесі бар. Әке-шешесімен кездестік. Өте жақсы отбасы. Маған солай көрінді. Байжанов Бишімбаев сияқты емес. Ол бәрін соның ықпалымен істеген. Ол сотта шын жауап берсе, біз де адамбыз ғой, кешіруге дайынбыз», - деген еді Қайрат Нүкенов.

Десе де, кейінгі сот процесінде Байжановтың кейбір сөздері, әрекеті бір-бірімен қабыспай, Салтанаттың туыстары одан теріс бұрылды.

Бақытжан Байжанов соттағы соңғы сөзінде Салтанаттың өлімін жасыру былай тұрсын, өлім аузында жатқанын білмегенін алға тартты.

«Иә, қызметкерлерді үйлеріне қайтарып, мейрамхананы жауып, бейнежазбаларды өшіруді бұйырғанымды жасырмаймын. Бірақ мен сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білдім бе? Ант етемін. Білмедім. Егер білгенде қылмысты жасыру әрекеттерінің ешқайсысын жасамайтын едім. Салтанаттың туған-туыстарынан тағы да кешірім сұраймын. Жатқан жері жайлы болсын», – деген еді ол.

Естеріңізге салсақ, 29 сәуірде прокурор Саяхат Нұрбеков айыптаушы тарап Байжановқа Қылмыстық кодекстің 434-бабы – «қылмыс туралы хабарламау» бойынша жартылай айып тағудан бас тартып, оған қатысты қылмыстық істі қарауды жалғастыру қажет деп санайтынын айтқан еді. Сөйтіп, Байжановқа Қылмыстық кодекстің 432-бабына сәйкес, аса ауыр қылмысты «жасыру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот процестерінің бірінде Байжанов шындық детекторынан өткісі келетінін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар