Биыл Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін өткізу жоспарланып отыр
СТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін өткізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдері: 2010 жылғы жалпы және тақырыптық басымдықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Грекия төрағалығының дәстүрін жалғастыра отырып, біз Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда «корфу үдерісінің», Вена құжатын қайта жаңғыртудың және ЕҚЫҰ саммитінің проблемалары сынды басқа да өзекті мәселелердің ағымдағы нәтижелері талқыланатын болады», деді шарада К. Жигалов.
Оның сөзіне қарағанда, Афиныда өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізуге принципті қолдау алғаннан кейін қазақстандық төрағалық кідірместен оның субстантивті және мазмұнды қырларын пысықтауды бастаған. «Қаңтардың соңында ЕҚЫҰ үштігінің желісі бойынша Еуропалық одақпен консультацияның бірінші кезеңі, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының Еуропалық одақтың президентімен, Еуропалық комиссияның төрағасымен, Еуропалық одақтың шетелдік істер және қауіпсіздік саясаты жоғары өкілімен, Еуропалық парламенттің өкілімен кездесулері өтті. Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-қа сапар жасады. Онда Клинтон ханыммен және американ әкімшілігінің басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен сындарлы сұхбат жүргізді. Бүгін Қ. Саудабаев Астанада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздер жүргізуде», деді ол.