Биыл «Болашақ» бағдарламасына еліміздің барлық өңірлерінен талапкерлер құжат тапсырды
АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл «Болашақ» бағдарламасына еліміздің барлық өңірлерінен талапкерлер құжат тапсырды. Бұл туралы бүгін Ақордада Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
«Бүгін шетелде оқуға талапты жастардың білім алуына мүмкіншілік туғызатын «Болашақ» бағдарламасының биылғы жылғы талакерлерінің тізімін қарап, оларды бекітетін боламыз», - деген Мемлекеттік хатшы бұл орайда ағымдағы жылы оқуға құжат қабылдау науқанының ерекше болғандығын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылдың мамыр және маусым айларында Қазақстанның барлық облыстарында «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырған талапкерлердің барлығының өтініштері қаралған. Соның нәтижесінде биылғы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсетіндердің қатарында еліміздің барлық өңірлерінің өкілдері де қамтылған деп нық сеніммен айтуға болады.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 20 жыл бойы жүзеге асырылып жатқан осы бағдарламаның арқасында Қазақстанда 8 мыңнан астам жастар әлемнің ең мықты жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды.
Ендігі біздің мақсат осы жастарымыздың жаппай Қазақстанның жетекші миинстрліктеріне, ұлттық компанияларына, Президент Әкімшілігіне, шетелдік компанияларға дейін жұмыс істеуіне жағдай туғызу. Олардың алды ондай қызметті табыспен атқару үстінде. Сондықтан бүгінгі біздің комиссияның мақсаты талапты жастарды тағы да іріктеп алып, еліміздің болашағына қызмет істейтіндей жағдай жасауымыз керек», - деді М.Құл-Мұхаммед.