Биыл Қазақстанда БЖЗҚ-ның қосымша 6 қызмет көрсету кеңсесі ашылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қосымша 6 қызмет көрсету кеңсесі ашылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ерденаев мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, бұл кеңселер Астана, Алматы, Қарағанды және Семей қалаларында ашылады.

«Салымшылардың тікелей БЖЗҚ бөлімшелеріне келіп, өтініш білдіруі халыққа қызмет көрсетудің кең тараған түрі болып қала бермек. Қазіргі таңда БЖЗҚ өңірлік желісіне 240 қызмет көрсету кеңсесі кіреді. Қордың өңірлік желісіне облыс орталықтарында, республикалық дәрежедегі қалалар Алматы мен Астанада, сондай-ақ облыс қарамағындағы ірі қалалар - Жезқазған мен Семейде жұмыс істейтін барлығы 18 филиал кіреді. Енді міне, биыл жыл соңына дейін Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларында қосымша 6 қызмет көрсету кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз», - деді өз сөзінде Р.Ерденаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап, БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы инвестициялық табыс есебімен бірге көрсетілетін ақпаратты e-gov электрондық үкімет порталынан және Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚО) алу мүмкіндігіне ие болды.

«Қызмет іске қосылған сәттен бастап дәл бүгінгі күнге дейін e-gov порталы арқылы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарынан 10,5 мыңға жуық үзінді көшірме берілді. Бұл тұрғындардың аталмыш қызметті белсенді түрде қолдана бастағанын білдіреді. Әрине, электронды түрде үзінді көшірме алу үшін салымшының жеке электрондық қолы (оны ХҚО-дан алады) және біздің enpf.kz сайтынан алу үшін логины мен паролі болуы керек. Оны осы сайттан алуға болады», - деді ол.

Айта кетелік, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 9 959 267 бірлікті құраған. Ал зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,5 трлн. теңгеден асып түскен. БЖЗҚ-ның 2014 жылы алған және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бөлген инвестициялық табысы 183,96 млрд. теңгені құрады.

2014 жылы қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары барлығы 784,4 млрд. теңгеге өсіпті. Соның ішінде Жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бөлінген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 234,4 млрд. теңгені құрады.

Сонымен қатар 2014 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы жылдық көрсетілімде 6,31% құрады. Мұның 2013 жылғы жылдық көрсеткіште ЖЗЖ бойынша 2,2 % құраған табыстылықтан әлдеқайда көп екендігі көрініп тұр. Инвестициялық табыстың өсуі биыл да байқалуда.

БЖЗҚ-ның 2015 жылдың екі айында алған және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бөлген инвестициялық табысы 37,65 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,6 трлн. теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар