Биыл мемлекеттік грант саны 800-ге қысқарды - Т.Балықбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл мемлекеттік грант саны 800-ге қысқарды. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.

Биыл мемлекеттік грант саны 800-ге қысқарды - Т.Балықбаев

«Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы гранттың саны сол деңгейде қалды деп айтуға болады. Дегенмен 800 адамға азайды. Ол кейбір мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты магистратураға ауыстыруымызға байланысты орын алды», - деді.

Т.Балықбаевтың атап өтуінше, мүгедек, жетім балаларға және шетелден келген балаларға арналған арнайы квоталар өткен жылғы деңгейде қалып отыр. Яғни, бөлінген мемлекеттік гранттың 1 пайызы І және ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар тобындағы азаматтарға, 2 пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға, 1 пайызы жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы шамамен 34 мың грант бөлінеді. Оның шамамен 12 мыңы техникалық мамандықтарға бес мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарға, шамамен 2600-і ауыл шаруашылығы мамандықтарына беріледі.