Биыл прокурорлардың наразылығымен 65 сотталушының жағдайы жақсарды немесе ақталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл прокурорлардың наразылығымен 65 сотталушының жағдайы жақсарды немесе ақталды. Бұл туралы Мемлекеттік айыптаушылар форумында Бас прокурор Берік Асылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Заңды, әділ әрі негізді айыпты қолдау – іс бойынша дұрыс шешімнің және адам құқығын қорғаудың кепілі. Конституциямен белгіленген бұл міндет прокурорларға ерекше жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік айыптаушы қоғам мен ақпарат құралдарының ерекше назарында екені белгілі. Оның біліктілігіне қарап, халық жалпы прокуратура органдарына баға береді», - деді ол.

Бас прокурор бүгінгі іс-шара мемлекеттік айыптау сапасын арттырудағы проблемалар мен нақты қадамдарды талқылау мақсатында ұйымдастырылғанын айтты.

«Бұл жерде көптеген сұрақ қордаланып қалды. Әділдік іздеген адамдар өңірлерден бізге, Жоғарғы сотқа және Президент Әкімшілігіне келеді. Маған да оларды жиі жеке қабылдауға тура келеді. Көпшілігі түрлі сатыға бірнеше мәрте жүгінген. Прокурорлардың атына да сөгіссіз болмайды. Оған түсіністікпен қараймын. Өйткені, әр істің артында адамның, оның отбасының, туған-туыстары мен жақындарының тағдыры жатыр. Өкінішке орай, кейбір қателіктерді кассацияда түзетуге тура келеді. Тек осы жылы ғана біздің наразылығымызбен 65 сотталушының жағдайы жақсарды немесе ақталды», - деді Бас прокурор.


Соңғы жаңалықтар