13:23, 06 Маусым 2014 | GMT +5
Биылғы жазда Қазақстан мен Өзбекстан аралығында халықаралық пойыз жүре бастайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» биыл қосымша жүрдек пойыздардың бес бағдарын іске қосады. Бұл туралы бүгін «Туризм күнін қолдау» тақырыбындағы дөңгелек үстелде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзов мәлім етті.
«Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі жүрдек жолаушылар қозғалысын дамытуға арналған. Астанада жолаушылар вагонын өндіру бойынша «Тұлпар» зауыты іске қосылғанын білесіздер. Бүгінде компания 300-ден астам вагонды сатып алды. 2020 жылға дейін 1 мыңнан астам жолаушылар вагонын сатып алу көзделіп отыр», - деді ол. Атқарушы директордың сөзіне қарағанда, бүгінде жүрдек қозғалыстардың санын арттыру аясында «Алматы-Петропавл», «Астана-Ақтөбе», «Алматы-Атырау» және «Астана-Атырау» бағдарлары іске қосылды. «Жоспар бойынша биыл қосымша бес бағдар қосылады. Тамызда «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған «Алматы-Ташкент» халықаралық пойызын іске қосу жоспарланып отыр», - деді А.Қалдыкөзов.