Биылғы жыл Арал ауданы үшін «Қарақұм құрылтайы жылы» болып жарияланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Соңғы кездері әрбір жылға өзіндік атау беріп, жоғары деңгейде атап өтуді үрдіске айналдырған аралдықтар аудан әкімінің өкімімен 2012 жылды «Қарақұм құрылтайы жылы» деп жариялады.
Тарихымыздан мәлім болғандай, қазақ халқының бостандығы жолындағы ішкі-сыртқы қарым-қатынастарына ұйытқы болған "Қарақұм құрылтайының" маңыздылығы жоғары. Тарихи шара 1710-1711 жылдары өңірдегі "Құлжымыр Қасқатөбе" деп аталатын орында өтіпті. Үш ғасырдай уақыт бұрын болған құрылтайға Тәуке ханның өзі келіп қатысқан екен.
Бүгінде ел жадынан ұмыт бола бастаған бұл құрылтайды өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, қайта жаңғыртуға теңіз төскейінің жұртшылығы аса мән беріп отыр. Осы бағытта арнайы комиссия құрылып, іс-шара жоспары дайындалуда.