Біз Алматы облысында тұратын ұлыстарды дамытуға барлық жағдай жасауға тырысамыз - А.Баталов (ФОТО)

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессия барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 мүшесі «Қазақстан халқыАссамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен және Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Олардың арасында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Шаисмаил Асиев, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Надежда Лушникова, «Нұр» мешітінің бас имамы Алмас Данағұлов және басқалар бар. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы Жамбыл ауданы ішкі саясат басқармасының бастығы Светлана Алтынбековаға тапсырылды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойэсінде сессия қатысушыларының назарына фотокөрме және ұлттық қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды.
Сессия барысында «Мәңгілік ел: бір ел - бір халық» идеясының міндеттерін шешудің негізгі жолдары туралы облыстық Ассамблея төрағасы Ғабит Тұрсынбай баяндама жасады. Өзінің баяндамасында Ғ.Тұрсынбай облыс Ассамблеясын дамытудың өңірлік тұжырымдамасы, әлеуметтік жобалар мен конкурстар мәселелеріне тоқталды.
Сессияда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры, ғылыми-сарапшылық топтың төрағасы Әбдіманап Бектұрғанов, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Надежда Лушникова, Талдықорған политехникалық колледжінің кафедра меңгерушісі Игорь Скромный, сондай-ақ Ассамблея мүшелері мен әртүрлі этномәдени бірлестіктер өкілдері сөз сөйледі. Шығып сөйлегендер бейбітшілікті, келісімді, бірлікті, достықты әр ұлыстың мәдениеті мен тілі құндылықтарын сақтау мәселелеріне, сондай-ақ 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жоспарына тоқталды.
Сессияда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қорытынды сөз сөйледі.
«Халқымыздың бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың арқасында еліміз саяси және экономикалық дамуда зор табыстарға жетті. Мұның барлығы Мемлекет басшысының жемісті жұмысының және сарабдал саясатының нәтижесі. Облысымызда біз өңірде тұратын ұлыстардың дамуы мен мәдениетін сақтау үшін барлық жағдай туғызуға тырысудамыз», - деді А.Баталов.
ХХІ сессия қатысушыларының Үндеуі мен шешімдер жобасы қабылданды. Кездесу облыстың шығармашыл ұжымдары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен концертпен аяқталды.