12:56, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Біз барлық әлеуетімізді пайдалана отырып, аймақтың табысты дамуын қамтамасыз етуге тиіспіз ? Елбасы
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Мәдени мұраларымызды молайтып, бүгінгі әлеуетімізді пайдалана отырып, аймақтың табысты дамуын қамтамасыз ету – бүгінгі біздің басты мақсатымыз. Бүгін елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде басталған Университеттердің еуразиялық ассоциациясының XI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Еуразиялық аймақтың мәдени-гуманитарлық дамуын бірнеше бағытта жүргізу керек. Біріншіден, инновацияларды енгізу мақсатында біз ғылыми қауымдастықтың әлеуетін жан-жақты дамытуға тиіспіз. Осыған орай, 2009 жыл ТМД елдері үшін «Ғылым мен инновациялар жылы» деп жарияланды. Екіншіден, Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы аясындағы өзара әріптестік қарым-қатынастарды нығайту қажет. Ал Жоғары технологиялар орталығы мен Жаңа технологиялардың Еуразиялық банкі ТМД аймағындағы барлық ғылыми институттар үшін ашық болуы шарт. Жақын арада біз ғылыми зерттеу жұмыстарының нақты бағытын анықтауымыз керек. Оның ішінде ғарыш, энергетика, нано және ақпараттық технологияларға ерекше басымдық берілген жөн. Біздің жаңа технологияларымыз аймақтық нарықта ғана емес, шетелде де сұраныс табуға тиіс. Біз өз тарапымыздан қазақстандық ғалымдарды Ресей, Украина және басқа да ТМД елдерінде ғылыми іс-тәжірибеден өткізіп, ортақ ғылыми жобаларға қатыстыруға даярмыз. Біз білім беру саласын жаңа сапалы дәрежеге көтеруіміз қажет. Осы жұмыста Университеттердің еуразиялық ассоциациясына мүше жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары негізгі қозғаушы күш болуы тиіс», - деді Н.Назарбаев.