Біз үшін ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ - Б.Жексенғалиев, БҚО

ОРАЛ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 1 желтоқсан күнгі нөмірінде Қазақстан Республикасының Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» мақаласы жарияланғаны мәлім. Осыған орай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев өз ой-толғамын былайша жеткізді.
None
None

-Өз тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік мереке - тұңғыш Президент күнін атап өткен Қазақ елі үшін бұл мерекенің маңызы мен мәнін мақаланың тақырыбы-ақ айқындап тұр, деді ол. Қазақстанның жаңа дәуірі - тәуелсіздік пен азаттық дәуірі. Біз үшін ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Ендеше, осы тәуелсіздігіміздің іргесі қаланған сол күндер туралы Елбасының ақтарыла жазған ойларына үңіле отырып, тағы да тәубе дейміз, тәуелсіздігіміз баянды болсын дейміз.

«Мемлекеттің мемлекеттілігі оның өз тағдырына қатысты ең маңызды мәселелерді өз бетінше шеше алуынан танылуға тиіс» (Н.Назарбаев). Иә, тәуелсіз Қазақ мемлекетінің өз тағдырына қатысты ең маңызды мәселелерді азат ел ретінде шешуі де сол 1991 жылдың ұмытылмас күндерінен басталған екен. Ол - Семей ядролық сынақ полигонын жабу, егемен еліміздің алтын-валюта қорын құру, 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау өткізу, мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау және 16 желтоқсанда «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды қабылдау.

«Уақыт өткен сайын сол күндерде қабылданған бұл тарихи шешімдердің маңызы арта түседі. Сондықтан да тәуелсіз Қазақ елі үшін жаңа кезеңнің алғашқы күні болған 1991 жылдың 1 желтоқсаны - ұлт үшін жаңа тәуелсіздік дәуірінің бастаушы күні ретінде, сол жаңа дәуірге туған халқын бастаған ұлт көшбасшысын сайлаған күн ретінде мәңгілік тарихта қалатыны сөзсіз», деп түйіндеді ойын Б.Жексенғалиев.

Соңғы жаңалықтар