Біз үшін ең бағалы марапат - гүлденген Қазақстанмен жаңа асуларды еңсеру - Елбасы

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Біз үшін ең құнды марапат - гүлденген Қазақстанмен жаңа асуларды еңсеру. Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен, «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапаттап, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстау барысында осылай мәлімдеді.

Біз үшін ең бағалы марапат - гүлденген Қазақстанмен жаңа асуларды еңсеру - Елбасы

«Тәуелсіздіктің 22 жылдығында елімізде көптеген игі дәстүрлер қалыптасты. Солардың бірі - мемлекетіміздің ең ұлық мерекесі алдында елге еңбегі сіңген лайықты азаматтарымызды наградалармен марапаттап келеміз. Бұның символикалық мәні де зор, өйткені біздің еліміздің тәуелсіздігі, қиындықтарды еңсере жүріп 22 жыл бойы біз жүзеге асырған шаралар, әрбір адамның жекелеген сіңірген еңбегінің нәтижесі, жемісі. Отан алдындағы екпінді еңбек, патриотизм мен өз ісіне берілгендік - міне, осындай қасиеттің арқасында бүгін қызметі мен кәсібі әртүрлі азаматтар ортақ марапатқа ие болып отыр», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы азаматтар тек марапат үшін еңбек етпеуі керектігін, әркім өз шаруасын атқарып жатқандығына да тоқталды. Н. Назарбаев кез-келген адам өз ісіне шынайы берілгенде марапаттың өзі оны іздеп табатынын, мұны барша жұрт мойындайтынын да атап өтті. «Бұл тұрғыдан алғанда біздің ең құнды ортақ наградамыз - бұл гүлденген, әрі әлемге әйгілі болып, жаңа асуларды еңсере бастаған Қазақстан. Біздің қоғамның маңызды құндылығының бірі қажырлы еңбек, сондықтан да біз өз еңбегімен үлкен жетістікке жеткендерді мемлекет атынан елеп, ескеріп отырамыз», - деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Ералиев Абзал Жұмашұлына, «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Пя Юрий Владимировичке, Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Сауэр Иван Адамовичке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды. Бұдан бөлек, «Отан» ордені «Халықаралық бизнес университеті» ЖШС президенті Кенжеғали Сағадиев пен «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ басқарма басшысы Владимир Школьникке табыс етілді. Ал «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаев» орденімен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов марапатталды. «Парасат» ордені Әлихан Байменов пен Бақытжан Сағынтаевқа табыс етілді.

Сондай-ақ, жоғары дәрежелі наградалармен ғалымдар, мәдениет, өнер, білім беру, денсаулық сақтау саласының қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталды.