Біздің басты табыстарымыз - Тәуелсіздіктің шапшаң нығаюы және Қазақстанның халықаралық үдерістердің маңызды қатысушысы ретіндегі қалыптасуы - министр Ерлан Ыдырысов

Қазақстан жаңа мерекені қандай жетістіктермен қарсы алды және республикамыз алдында тұрған перспективалар туралы «ҚазАқпарат тілшісімен әңгімесінде ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов айтып берді.
- Ерлан Әбілфайызұлы, 1 желтоқсанда біз алғаш рет елдің жетістіктері мен оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбектеріне, оның елді түлетудегі рөліне арналған жаңа мемлекеттік мерекені атап өттік. Қазақстан үшін бұл мерекенің маңызы қандай?
- Тұңғыш Президент күнін мерекелеу жан шақырып, тәуелсіздік алған сәттен бері 21 жыл ішінде біздің еліміз қаншалықты ілгері жылжып, шаңшаң өзгергені және дами түскені туралы ой сабақтауға мүмкіндік берді. Біздің негізгі табыстарымыз ретінде Тәуелсіздіктің шапшаң нығаюы және Қазақстанның аймақтық халықаралық үдерістердің маңызды қатысушысы ретіндегі қалыптасуын қарастырамыз. Өйткені бұдан 21 жыл бұрын кейбір шетелдік бақылаушылар Қазақстанның аяғына тұрып, өз алдына өміршең ел болып кетеріне күмәнмен қараған болатын.
Бірақ та біз олардың күмәндерін сейілтіп, тәуелсіздік алған сәттен бері жан басына шаққанда ІЖӨ-ні 16 есе ұлғайтуға қол жеткіздік. 1999 жылдан 2007 жылға дейінгі аралықта Қазақстанның ІЖӨ орта есеппен жылына 10 пайызды құрады. Жаһандық қаржы дағдарысына байланысты экономикалық өсім баяулады, дегенмен 2012 жылы ІЖӨ-нің өсуі 5 пайыздан асады деп күтілуде. Қазақстан соңғы онжылдықта неғұрлым экономикасы серпінді дамып келе жатқан 25 елдің ішінде үшінші орын алады. Біз 160 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тарттық.
Бүкіл осы кезең ішінде біз саяси тұрақтылықты, сондай-ақ ұлысаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ете білдік. Біз аймақтың кейбір бөлігінде болған көптеген алауыздықтар мен жанжалдарға жол бермедік, елімізді ойдағыдай дамытуға баса көңіл бөліп, халқымызды осы идеяның төңірегіне топтастыра отырып, осы үдерістің нәтижесінде жалпы игілікке қол жеткіздік. Барлық бағыттар бойынша, біздің азаматтарымыздың материалдық жағдайы бұдан 20 жылғыдан анағұрлым жақсарды.
- Еліміздің сыртқы саясаты тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қандай бағыттарда жүзеге асырылды?
- Қазақстанның сыртқы саясаты соңғы екі онжылдықта басты әріптестерімізбен қатынастарымызды дамытуға және нығайтуға, еліміздің айналасында қауіпсіз және қолайлы орта құруға шоғырландырылды. Еуразияның нағыз кіндігінде бола отырып, еуропалық және азиялық нарықтар арасындағы сауда ағындарынан ұту үшін біз географиялық тұрғыдан орналасқан мүмкіндігімізді қалт жібермеуе тырысамыз. Қазақстанның стратегиялық орналасуын барынша пайдаланудың кілті - Батыс пен Шығыс арасындағы ықпалдастықты ілгері жылжыту, сондай-ақ Орталық Азия аймағында халықаралық қоғамдастықтың біздің елімізге деген зор ынта-ықыласын берік сақтау болмақ.
- Осы салада қандай маңызды қадамдарды Сіз қазір мысалға келтіре аласыз?
- Жалпы, еліміздегі және шетелдегі қауіпсіздікті нығайту мәселесіне біздің қосқан алғашқы үлесіміз ретінде 1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту жөніндегі тарихи шешімін айтуға болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Кеңес Одағынан мұраға қалған Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі де өте маңызды. Біз сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бойынша бастама көтердік.
Бұл саясатты жүзеге асыру орталық-азиялық көршілерімізбен екіжақты қарым-қатынастар кезінде және Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара сенім және іс-қимыл шаралары кеңесі секілді аймақтық форумдар шеңберінде белсенді ынтымақтастық және үйлестіру шаралары арқылы аймақтық деңгейде басталады.
Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында интеграциялық үдерістерді дамытуда өте белсенді рөл атқарып келдік. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясы 170 миллион адамды қамтитын әлеуетті рыногы бар үшжақты Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік орнағаннан кейін шындыққа айналды.
Біз АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ және Ресей секілді басты әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы аталған интеграциялық бастамаларды толықтырдық. Сонымен бірге, біз аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірқатар салаларда көшбасшылық рөлді атқаруға тырыстық.
Бұған мысал ретінде 2003 жылы Президент Назарбаевтың негізгі әлемдік діндер арасында диалог орнату мақсатында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін құру жөніндегі бастамасын атап кетуге болады. Үш жылда бір өтетін бұл шара төрт мәрте ұйымдастырылды, оған қатысушылар деңгейі де көңілден шығып отыр.
2010 жылы біз бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен тұңғыш ел болдық, біз Орталық Азияны «Еуропалық қауіпсіздік» ұғымы таралатын аймаққа қостық.
Ағымдағы жылдың қарашасында біз 15 айға созылған Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалығымызды аяқтадық. Төрағалық кезінде біз мұсылман әлемін жаңғыртуға қолдау білдіру бойынша Ұйымның әрекеттеріне жаңа серпін беруге тырыстық.
- Елбасының жаңа қандай бастамалары қазіргі уақытта әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болуда?
- Болашаққа көз сала отырып, Президент Назарбаев үлкен халықаралық қолдауға ие болған екі ұсыныс жасады. Біріншіден, ол «G-8» және «G-20» форумдарының шектеулі ықпалына әрекет етуге ұмтылуда әлемдік экономикаға қолдау білдіру үшін дағдарысқа қарсы іс-шараларды әзірлеу мақсатында «G-Global» форумын құруды ұсынды. Екіншіден, ол тұрақты өсімді қамтамасыз ету мақсатында трансұлттық шешімдерді қалыптастыру үшін үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды және жекеменшік бизнесті біріктіретін «Жасыл көпір» серіктестігін құруды ұсынды. Экономикамызды «жасылдандыруда» және Орталық Азияда баламалы энергия көздерін дамытуда Қазақстанның қосатын күш-жігерінің бөлшегі ретінде, біздің жаңа елордамыз Астана 22 қараша күні «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуші болып таңдап алынды.
- Өткерген жолды назарға ала отырып, еліміздің болашағын қалай көресіз?
- Қазір, Тұңғыш Президент күнін мерекелегеннен кейін, Елбасының басшылығымен 1991 жылдан бастап дамытып келген негіздерді назарға ала отырып, біз, бірінші кезекте, экономиканы әртараптандыруға, индустриялық дамуға үлкен көңіл бөлудеміз. Біз Қазақстанды дамыған шикізаттық емес экономикасы бар елге айналдыру үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудамыз. 2014 жылға дейін қойған міндеттеріміз ІЖӨ-ні 2008 жылғы деңгейден 50 пайызға арттыруды, ІЖӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5 пайызға көтеруді және бірқатар салаларда еңбек өнімділігін 100 пайызға жеткізуді қамтиды.
Жалпы, Тәуелсіздікті алғалы 21 жылдан кейінгі бүгінгі күннің өзінде Қазақстан өзінің өршіл талаптары мен реформаларға деген ұмтылысын сақтап қалуда.
- Әңгімеңізге рахмет.