Біздің шетелдік инвесторлардан Қазақстанда тапқан ақшаларын еліміздің экономикасына салуға шақыра алатын құқымыз бар-Елбасы
Бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХІІ пленарлық мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең қиын жылдары мемлекет шетелдік инвесторларға көптеген активтерін аса тартымды шарттарда ұсынды. Бұл сіздердің барлықтарыңызға пайдалы болды. Ал қазір біздің сіздерден Қазақстанда тапқан ақшаларыңызды еліміздің экономикасына салуға шақыра алатын құқымыз бар», деді өз сөзінде Н. Назарбаев.
Елбасы Қазақстан мен шетелдік инвесторлардың ынтымақтастығы тығыз әріптестік сипатына ие болғандығын айта келе: «Біз бұны өте жоғары бағалаймыз», деді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан әрдайым тек шикізат жеткізуші мемлекет ретінде қала бергісі келмейтінін қадап айтты.
«Қазақстан бір жақты экономикамен қала алмайды, қалғысы да келмейді. Бізде Кеңес одағы кезінде, орыс патшасы кезінде осылай болды. Біз өздеріңізге тек шиізат жеткізетін мемлекет болып қала бергенді қаламаймыз. Мен мұны сіздерге шындап айтып отырмын. Біз сіздерден жауапты қадамды күтіп отырмыз», деді Президент инвесторларға қаратып айтқан сөзінде.