Бізге Жеңіс сыйлағаны үшін ардагерлерді ардақтауымыз қажет - И.Кислова (ФОТО)

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл жастары, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері «Жеңіс үшін рахмет!» акциясын өткізді.

Бізге Жеңіс сыйлағаны үшін ардагерлерді ардақтауымыз қажет - И.Кислова (ФОТО)

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында олар соғыс ардагерлері Бертай Жаскелеңовтің, Социалистік Еңбек Ері Петр Терентьевич Гончаровтың және тыл еңбеккері Мария Ивановна Бреусовтың үйінде болды.

«Ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтадық, оларға гүлдер, ашық хаттар және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жастар лигасының эмблемасы салынған альбомдарды сыйға тарттық, оларды этномәдени бірлестіктердің жастары әзірлеген болатын. Жастар лигасының шеберлері ардагерлерге арнап тәттілер пісіріп, жемістер мен кәмпиттер ұсынды. Ардагерлер құттықтауларымызды қабылдап, сұрапыл соғыс жылдары туралы әңгіме шертті, марапаттарын көрсетті, «Катюшаны» шырқады», - деді «Достық үйі» коммуналдық мекемесінің этномәдени бірлестіктердің жастармен жұмыс жөніндегі әдіскері Ирина Кислова.

Оның пікірінше, майдангерлер де, тыл еңбеккерлері де құрметтеп ардақтауға лайық. «Олар Жеңіс күнін жақындату үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Соғыстан кейінгі жылдары бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіруде жанқиярлықпен еңбек етті. Аға ұрпақтың қажырлы еңбегінің арқасында Отанымыз қайта түледі. Жеңіс үшін біз ардагерлеріміздің қолын сүюіміз қажет», - дейді И.Кислова.

«Біздің ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы - өнеге. Батырларымыз арамызда жүргенде оларға барынша қамқорлық жасауымыз керек. Ең бастысы - оларға біздің бостандығымыз үшін дер кезінде алғыс айтуға үлгеруіміз қажет», - дейді жастар лигасының өкілі Дарья Бурмакина.

«Бұл кездесулерден алған әсеріміз үлкен. Қымбатты ардагерлерімізге ықылас көрсету - біз үшін үлкен бақыт», - деп әсерлерімен бөлісті «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы және «Ақ желкен» жастар лигасының өкілі Зүлфия Фарманова.