БҚО: Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылында жаңа мектеп салу көзделуде (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылында жаңа мектеп салу көзделуде. Бұл туралы бүгін Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың есептік кездесуіне қатысып, тұрғындардың сауалына жауап берген өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Облыс басшысының сөзіне қарағанда, жаңа нысанды «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік бағдарламаларына бөлетін қаржысы есебінен тұрғызу жөнінде ұсыныс берілген. Сол секілді аудан орталығы Чапаев ауылындағы аудандық аурухана ғимаратын жөндеу де күн тәртібінде тұр.
Аудан басшысы Ә.Жоламановтың баян еткеніндей, 2015 жылы Ақжайықта негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 2,8 млрд. теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылғыдан 1,7 пайызға көп. Есепті мерзімде 1,6 млрд. теңге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бөлшек сауда айналымы 6 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ бюджетке 858,6 млн. теңге салық пен төлемдер түсіп, бұл жоспар 101,7 пайызға орындалды. 5,3 млрд. теңгені құраған аудандық бюджет 99,9 пайызға игерілді.
Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 11,1 млрд. теңгеге жетті. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында шаруа қожалықтары асыл тұқымды 636 бас ірі қара, 114 бас қошқар, 140 бас жылқы сатып алды. «Агробизнес - 2020» бағдарламасымен қатар «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асықтан» үлес алушылар саны көбейіп, тапсырма артығымен орындалуда. Тұқымдық түрлендіру аясында селекциялық және асылдандыру жұмыстарына да шаруа қожалықтары белсене қатысуда. Қазіргі таңда ауданда асыл тұқымды ірі қара өсіретін 7, жылқымен айналысатын 4, қой бағып отырған 1 шаруашылық болса, алдағы уақытта олардың қатарына тағы жетеуі қосылмақшы.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 61-қадамына сәйкес ет өңдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда ұсақ мал сойып, өнімін өңдейтін «Батыс Марка Ламб» ЖШС өз жұмысын бастап кетсе, алдағы көктемде «БатысНық» ЖШС-ның ірі қара соятын ет комбинаты іске қосылмақшы. Сондай-ақ сүт өнімдері цехын ашу жоспарлануда.
Есептік жиында жасалған жұмыстар сараланып, алда тұрған міндеттерді орындау бағытында ұсыныс-пікірлер айтылып, қатерге алынды.