БҚО-да 147 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының тек 22-сінің рұқсат құжаттары бар

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының бірқатары заң талаптарына сәйкес келмейді.

а
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалық етуімен өткізілген алқа отырысында мәлім болғанындай, өңірде 147 полигонның тек 22-сінің рұқсат құжаттары рәсімделген. Қалған 125 нысанның жер телімдеріне ғана құжаттары бар. Бұл қалдықтар айналымын басқаруда проблема бар екенін көрсетеді.

Алқа отырысында полигондардың заң талаптарына сәйкес келмеу себептері, сондай-ақ жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың қызметіндегі кемшіліктер жан-жақты қарастырылды.

Талқылау барысында мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Таза Қазақстан» бастамасының аясында әзірленген «Тазалық – болашақтың кепілі» жобасын таныстырды. Жоба қалдықтарды жинаудың, сұрыптаудың және қайта өңдеудің заманауи әрі қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл экологиялық жағдайды жақсартудың негізіне айнала алады.

Жобаның негізгі тәсілдерінің бірі – бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу. Мұндай әдіс қалдықтарды белгіленбеген жерлерге заңсыз тастау фактілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Камералардан алынған материалдар құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жедел түрде полицияға жолданатын болады.

Жиында кәсіпкер Асхат Рамазанов қалдықтарды қабылдау және қайта өңдеу бойынша өзінің тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, кәсіпорынға қалдық өткізіп отырған азаматтарға ақшалай төлем берілетіні атап өтілді, бұл қалдықтарды бөлек жинау мәдениетінің дамуына серпін береді.

Отырыс соңында қоршаған ортаның ластануын азайтуға, қалдықтарды басқару тиімділігін арттыруға және өңірде «Таза Қазақстан» қағидатын одан әрі ілгерілетуге бағытталған бірқатар шешім қабылданды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карьерлер заңды пайдаланылып отыр ма, соны жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар