БҚО-да 30 млн текше метр тасқын су көлдерге жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында тасқын суды игеру жұмыстары жалғасып жатыр.

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы Ресейден келген тасқын судың 30 млн текше метрін облыстағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберді. Аталған көлдерге соңғы 20 жылда су бармаған. Одан бөлек, «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына тасқын суды жібергелі жатыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ-де өткен брифингіде.
Ресми өкілдің айтуынша, бүгінде БҚО-дағы Жәнібек су сорғы стансасын іске қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Нысан Ресей Федерациясының Волгоград облысынан келген суды Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының 9 ауылдық округінің аумағына айдайды. Биыл 25,8 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр», - дейді ол.
Бұған дейін су тасқынына ұшыраған БҚО-ға қай елдерден гуманитарлық көмектің жеткізіліп жатқанын хабарлаған едік.