БҚО-да 392,5 млн. астам теңгені құраған 12 мемлекеттік сатып алудың күші жойылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында Үкімет пен атқарушы органдарға бюджет қаржысын орнымен игеріп, тиімді жұмсау мақсатында тиісті тапсырмалар берген болатын.

БҚО-да 392,5 млн. астам теңгені құраған 12 мемлекеттік сатып алудың күші жойылды

Осы орайда БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өз жұмысын жүйелі атқарып келеді. Бұл туралы департамент басшысы Меңдіхан Лұқпанов мәлім етті.

Оның айтуынша, департамент биыл да республи­калық және жергілікті бюджет­тің тұрақты түрде орындалуы­­ның ҚР заңна­ма­ларына сәйкестігін назарда ұстады, мемлекеттік сатып алу туралы заң­наманың сақталуын қадағалап, қаржылық есептілік пен бухгалтерлік есепке бақылау жүр­гізді. Атап айтқанда, департамент биылғы сегіз айда 21 бюджеттік бағдар­ламалар әкімшісінен 80 нысан бойынша 95 аудиторлық тексеру жүргізіп, мұның жалпы сомасы 2 877 246,3 мың теңгені құрады. Соның ішінде  квазимемлекеттік секторларының басқару және қол­дану активтері бойынша 735,0 мың теңге,  бюджет қаражатының қолданылуы бойынша 119 395,8 мың теңгеге заңбұзушылық  анық­талды. Рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар, мүдделі жария ұйым­дардың депозитарийге қаржы­лық есептілікті уақтылы ұсынбауы, мем­лекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың да­му жоспарларын әзірлеу, бекіту тәртібінің бұзылуы, бастапқы бух­галтерлік құжаттамаларды, соның ішінде бухгалтерлік анықтамалар­ды ресімдеудің бұзылуы, касса­лық операцияларды есепке алу және жүргізу тәртібінің бұзылуы,  басқа да заңбұзушылықтар кел­тірген зиян 2 031 205,2 мың тең­гені құрап отыр.

Биылғы сегіз айдағы тексеріс қорытындысы бойынша бюджет қа­­ражатын қалпына келтіру мен өндірілетін соманың жалпы сомасы 2 479 965,3 мың теңгені құра­ды, ауқымды жұмыстың нәтиже­сінде орынсыз жұмсалған мем­лекет қаражатының 93 пайызы мемлекетке қайтарылды.

Сонымен қатар қазір еліміздегі көкейкесті мәселенің бірі - мемлекеттік сатып алу екендігі көпшілікке аян. Биылғы сегіз айда 1 100 203,0 мың теңгеге 68 мемлекеттік сатып алу өткі­зіл­се, соның 1 057 218,0 мың теңге­сі заңбұзушылықпен жүргізілгені анықталды. 392 549,0 мың теңге­ні құраған 12 мемлекеттік сатып алу күшін жойды.

Департамент жүргізген тек­се­рістердің нәтижесінде облыс бойынша 101 лауазымды, 8 заңды тұлға ҚР Әкімшілік құқықбұзу­шылық кодексі бойынша жауап­кершілікке тартылып, оларға әкім­­шілік айыппұл салынды. Соны­мен қатар 54 түрлі лауазымды тұл­ға тексеріс қорытындысы бо­йынша тәртіптік жауапкерші­лік­ке тартылып, 1 қызметкер жұ­мы­сынан  босатылды.

Департамент тексерісінің қо­рытындысы бойынша құқық қор­ғау органдарына 3 аудиторлық іс-шара процестік шешім шығару үшін жолданды, соның ішінде 1 аудиторлық іс-шара бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ҚР Үкі­ме­тінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1173 қаулысына сәйкес жария мүд­делі ұйымдар қаржылық есептерін белгіленген тәртіп бойын­ша қаржылық есеп депозитарийіне жыл сайын 31 тамыздан кешіктірмей тапсыруы тиіс. Алайда аталмыш қаулының талаптарын дұрыс орындамауларына байла­нысты ҚР Әкімшілік құқықбұзу­шылық кодексінің 239-бабы бо­йынша 13 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Департаментте сыбайлас жем­қорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау мақсатында тұ­рақты түрде бақылау нысанда­рын­да сауалнама жүргізіліп, құ­­қық қорғау органдарымен сыбай­лас жемқорлықтың алдын алу мақ­сатында дөңгелек үстел отырыстары мен семинарлар өткізілуде.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес шешуші мәселеге айналып отыр. Осыған орай департамент бұдан былай да талап деңгейін төмендетпей, өз жұмысын биік жауапкершілік тұрғысынан атқара беретін болады», деп түйіндеді ойын М.Лұқпанов.