БҚО-да адам өліміне себепкер болған жүргізуші екі жылға сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық сотында жүргізуші А-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш жүргізуші негізгі жолмен келе жатқан автобусқа жол бермеген. Салдарынан жеңіл көлік пен автобус соқтығысып, жүргізушілер мен жолаушылар түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілген.
Автобус жүргізушісі есін жимастан көз жұмды.
«Сот үкімімен А. ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу) сәйкес айыпты деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған қоса 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Жол апатынан қаза тапқан жүргізушінің ұлының талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 2 млн 379,599 мың теңге материалдық залал және 5 млн теңге моральдық шығын өндірілді. Екінші жәбірленуші — ЖШС-ның талап арызын қанағаттандыру құқығын тану туралы мәселе азаматтық іс жүргізу тәртібімен қарау үшін сотқа жіберілді. Айыпталушы аудандық соттың үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді», — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыста 34 адамның жалған құрылысшылардың әрекетінен зардап шеккенін жазған едік.