Батыста 34 адам жалған құрылысшылардың әрекетінен зардап шекті
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында төрт жыл бойына БҚО және Атырау тұрғындарынан жарты миллиард теңгеге жуық қаржы жинап алып, бірақ үй салу бойынша міндеттемелерін орындамаған құрылыс салушыларға қатысты қылмыстық іс қаралды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жәбірленушілер бұрыннан бар баспаналарын сатып, жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқандықтан, бұл ақшаны таунхаустар құрылысына салған. Бірақ сотталушылар ақшаны алғаннан кейін әртүрлі мекенжайлардағы құрылыс-монтаж жұмыстары басталмаған немесе аяқталмай қалған.
Соттан түскен мәліметке қарағанда, сотталушылар әлеуметтік желілерде, сондай-ақ әртүрлі интернет-платформаларда таунхаустар салу туралы хабарландыру жариялаған. Өздерін табысты кәсіпкерлер ретінде көрсеткен алаяқтар іс жүзінде жер телімдері, рұқсаттары мен нақты мүмкіндіктері болмаса да, жобаларды жүзеге асыру қызметтерін ұсынған. Олар клиенттерден ақша алып, жасалған келісім-шарттардың сенімділігіне азаматтарды сендірген.
Құрылыс салушылар үлескерлердің ақшасына барлығы бірнеше тұрғын үй кешенін саламыз деп уәде беріп, 500 миллион теңгеге жуық қаражатты иемденіп, нысандарды салмаған.
Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтар құрылыс келісім-шарттарында көрсетілген мерзімде немесе одан кейін де пәтерлерін ала алмаған.
Екі сотталушы жәбірленушілермен қарым-қатынастары азаматтық сипатта болғанын айтып, өз кінәларын мойындамады.
«Бірінші сатыдағы сот құрылыс салушыларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, ұзақ мерзімге (сәйкесінше 7 және 6 жыл) бас бостандығынан айыруға үкім кесті, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу туралы қаулы шығарды. Апелляциялық сатыдағы сот олардың кінәсі дәлелденген, әрекеттің саралануын дұрыс деп таныды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын дұрыс шешіп, сотталушының бірінің жазасын Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігі бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлардың бар екенін ескере отырып, 7 жылдан 6 жыл 8 айға дейін қысқартты. Сот үкімі заңды күшіне енді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да әкесін өлтірген тұрғынның 10 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.