БҚО-да алыс елді мекендерден 90-ға жуық бала мектепке тасымалданбай келген

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының прокуратурасы талдау жүргізу нәтижесінде аудан әкімдігінің алыс елді мекендерде тұратын балаларды мектепке тасымалдау тәртібін айқындамағанын анықтады.

БҚО-да алыс елді мекендерден 90-ға жуық бала мектепке тасымалданбай келген
Фото: Қостанай облысының Блім басқармасы

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына сәйкес аудандардың әкімдіктері шалғайдағы елдi мекендерде тұратын балаларды жалпы бiлiм беретiн мектептерге тасымалдаудың схемасы мен тәртiбiн әзірлейді және бекiтедi.

— Талдау барысында Есенсай — Жазира — Тасоба, Ақсуат — Ақбұлақ, Ақсуат — Сахарный, Талап — Әтібек, Базаршолан — Баянтөбе және басқа бағыттарда барлығы 90-ға жуық оқушының тасымалы реттелмегені белгілі болды. Прокуратураның аудан әкіміне енгізген ұсынымы негізінде тиісті қаулы қабылданды. Осылайша, мектебі жоқ елді мекендерден 88 баланың қауіпсіз тасымалына қатысты мәселе шешілді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда балабақшада 26 млн теңге міндетті төлемнің төленбей қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар