БҚО-да аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті іздестіріліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы ауыр қылмыс жасаған Дәулет Жақсығалиға іздеу жариялады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 1988 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген Д.Жақсығалиға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігіне (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) сәйкес айып тағылып отыр.
Ол өзін БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін.
- Бой тасалаған күдіктінің қайда жүргені туралы ақпарат алған жағдайда БҚО полиция департаментінің мына мекенжайына хабарласу сұралады: 090000, Орал қаласы, Пугачев көшесі, 45. Телефон нөмірлері: 8(7112)98-41-06, 8-705-747-99-99, 8-705-802-37-76 немесе 102, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да алаяқтарға сеніп қалған кәсіпкердің 22 млн теңгесінен айырылғанын жазған болатынбыз.