БҚО-да егіншілікте 60 900 тонна тыңайтқыш енгізу көзделіп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге қол жеткізу мақсатында Батыс Қазақстан облысында тыңайтқыштар құнын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Марокко Еуропалық Одақтағы ең ірі тыңайтқыш жеткізушіге айналды
Фото: АЗЕРТАДЖ

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлім еткеніндей, өткен жылы өңірде 47 112 тонна тыңайтқыш енгізілсе, биыл бұл көлем 60 900 тоннаға жеткізілмек. 

Оның сөзіне қарағанда, биыл осы бағдарлама бойынша 629 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан (571 млн теңге) артық.

— Қолданыстағы қағидаға сәйкес отандық зауыттар өндірген тыңайтқыштар аванстық төлем тетігі арқылы құнынан 60, шетелдік тыңайтқыштар құнынан 50 пайыз субсидияланады. Облыс шаруалары осы аванстық төлем тетігі арқылы 2024 жылдан бері аммофос және аммиак селитрасын сатып алып, егіске енгізіп жатыр. Тыңайтқыш құнының 40 пайызын қосымша құн салығымен бірге шаруалар отандық зауыттың («Казфосфат» ЖШС — аммофос, «КазАзот» АҚ — аммиак селитрасы) есепшотына аударады, қалған ҚҚС есептелмеген құнының 60 пайызын басқарма отандық зауыттың арнайы есепшотына аванстық төлем ретінде жібереді, — дейді Ж.Халиуллин.

Басқарма басшысының түсіндіруінше, отандық зауыттардың арнайы шотына аванстық төлем ретінде 150 млн теңге аударылады («Казфосфат» ЖШС — 98,2 млн теңге «КазАзот» АҚ — 51,8 млн теңге), яғни отандық аммофостың толық құны 294 506 теңге болса, субсидиялау нәтижесінде фермерлер үшін 142 175 мың теңгеге, ал аммиак селитрасының толық бағасы 187 920 теңгені құраса, шаруаларға 90 720 теңгеге шығады.

— Тыңайтқыштардың қалған түрлері бойынша, яғни 2026 жылы субсидияланатын тыңайтқыштардың түрлері мен субсидия нормалары белгілеу үшін бағаларын талдау жұмыстары аяқталды. Қазір қаулы жобасы көпшілік талқылау үшін «Ашық НҚА» нормативтік құқықтық актілердің порталына жарияланды. Жоспар бойынша наурыз айының ортасына дейін тыңайтқыштардың түрлері мен субсидия нормалары облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіліп, сосын өтінімдерді қабылдауды бастаймыз, — деп қосты Ж.Халиуллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда барлық егіс көлемі 626 мың гектар болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум