БҚО-да қаражаттың жетіспеуіне байланысты тұрғын үй құрылысы кешеуілдеп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы» аясында жергілікті атқарушы орган кезегінде тұрғандар үшін 10 көппәтерлі тұрғын үй (1 412 пәтер) және жалға берілетін 6 үй (122 пәтер) салу көзделіп отыр.

БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дархан Абдрашитовтің мәлім еткеніндей, тұрғын үй құрылысына барлығы 33,5 млрд теңге қарастырылған.
Оның сөзіне қарағанда, 2024 жылы 633 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Төрт айдың қорытындысы бойынша 125,8 мың шаршы метр тұрғын үй (101,7 пайыз) іске қосылды.
«Қаражат толық бөлінген жағдайда жыл қорытындысы бойынша бюджет есебінен 1 998 пәтер қолданысқа беріледі. Соның ішінде 758-і сатып алынады, 1 240 пәтер салынады. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 229 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 2,9 млрд, облыс қазынасы есебінен 1,2 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар облысқа мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 529 пәтер сатып алуға 8,2 млрд теңге бөлінді», деді Д.Абдрашитов.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жыл соңына дейін қаражат толық бөлінген жағдайда бюджет есебінен кезекті тұрғандар үшін 7 көпқабатты (998 пәтер) және ауылдарда 26 тұрғын үйді (242 пәтер) пайдалануға беру жоспарлануда.
«Қазіргі таңдағы проблемалық мәселе, қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаржының жеткіліксіздігіне байланысты республикалық бюджеттен наурыз-мамыр айында түсуі тиіс қаражат маусымға ауыстырылды. Оған қоса несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтауға және жалғастыруға мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен қаралатын қаражаттың толық көлемде бөлінбеу мәселесі туындап отыр. Құрылысқа қаражаттың толық көлемде бөлінбеуі және кеш түсуі нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстарының кешеуілдеуіне, тоқтауына, сондай-ақ мерзімінің ұзаруына әкелуде», деді Д.Абдрашитов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да салынып жатқан үйдің қабырғасы құлауына байланысты аудан әкімі мен басқарма басшысына ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.