БҚО-да қайырымдылық айы жалғасуда
ОРАЛ. 13 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қайырымдылық айлығы аясында жасы ұлғайған жандар мен мүгедектер үшін түрлі шаралар ұйымдастыруда.
Айлық аясында облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен облыстық ауруханада ем алып жатқан қариялардың жағдайымен танысты. Ол жарақат бөлімінде отадан шыққан майдангер, дербес зейнеткер Мұқтар Әжіғұлов пен 83 жастағы тыл ардагері Қыздархан Кенееваның денсаулығын сұрап, оларға гүл шоғы мен жеміс-жидек қоржынын табыс етті. Осы айдың басында Ресей халықтар достығы университеті травматология кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сергей Гильфанов облыстық ауруханада жамбас буынын протездеу жөнінде шеберлік дәрісін өткізген еді. Міне, ол сонда 92 жастағы М.Әжіғұловқа ота жасаған болатын. Ардагердің денсаулығы отадан кейін жақсарып келеді.
Қарттар мен мүгедектерге арналған Орал медициналық-әлеуметтік мекемесінде облыстық балалар үйі, отбасылық үлгідегі балалар ауылы, балабақшалар тәрбиеленушілері болып, «Біз жаныңдамыз! Біз біргеміз» деген тақырыпта концерт қойып берді. Облыстық балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Әли Мәсәлімов пен қарттар үйінің директоры Амангелді Баянов жылы сөздерін арнаса, қариялар балалармен қосылып, сүйікті әндерін айтып, бір жасап қалды.
«Айдана» ЖШС басшысы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Аветик Амирханян Круглоозерный психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі ғимараттары арасындағы кенеуі кеткен қатқыл табанды жолды реттеп берді.
Осындай шаралар облыс аудандарында да жалғасын табуда.