БҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 90 млн. теңге бөлінді (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қатысты кешенді шаралар қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов мәлім етті.

Оның айтуынша, облыс аумағында 200-ден астам өзен-көлдер бар, соның ішінде ірілері бастауын Ресейден алатын трансшекаралық Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен мен Сарыөзен болып есептеледі. Осы орайда ресейлік әріптестермен ақпарат алмасу жалғасуда. Көктемгі су тасқыны облыс әкімдігі мен аталған департаменттің тұрақты бақылауында.

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марс Отаровтың сөзіне қарағанда, өңірдегі су тасу қаупі бар өзендер аумағында күзгі ылғал мөлшері қалыптан жоғары.
Облыста су тасқыны 18-27 наурыз (ең жоғары шегі 26 наурыз - 2 сәуір) аралығында, яғни әдеттегіден ертерек басталады деп күтілуде.
Судың көтерілу деңгейі қалыпты және одан жоғары болмақ.
Облыста су басу қаупі бар аумақта 62 елді мекен болса, соның ішінде 25-і Жайық, Шаған және Деркөл өзендері жайылмаларында орналасқан. Орал қаласы төңірегіндегі аталған өзендер жайылмаларында 72 саяжай және бау-бақша серіктестіктерінде 6288 отбасы (10851 адам, соның 3586-сы - балалар) тұрақты тұрып жатыр. Бұл аумақтарды су басу қаупі бар екендігі жөнінде тұрғындарға ескертілді. Су баса қалған жағдайда облыста 25 уақытша орналастыру бекеті белгіленсе, соның 10-ы Оралда.
Су тасқыны жағдайында жұмыс жасайтын 79 құрылым, 1758 адам, 548 техника, 37 жүзу құралы және 95 мотопомпа дайындалды. Сондай-ақ 5 жедел топ құрылды.
Облыс аумағында 51 түрлі су қоймасы болса, соның ішінде 10 су қоймасы мен 4 гидроторап республика, 30-ы коммуналдық меншікте, жетеуі иесіз. 51 су қоймасының 12-сі жөндеуді қажет етеді.
Тағы бір маңызды нысан - республикалық маңызы бар жолдарда 439, облыстық және аудандық жолдарда 1140 су өткізу құбыры бар. Жолды су алып кетуі мүмкін тұстар (республикалық жолда - 23, облыстық жолда - 56) анықталды.
Облыста қала мен ауылдардан 522 мыңнан астам текше метр қар шығарылып, 20 мың текше метр су сорылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
«Өңірде көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 90 миллиондай теңге бөлінді. Оған қоса облыстық бюджетте төтенше жағдай орын ала қалған жағдайға 497,5 млн. теңге көзделген», - деді М.Отаров.

2
3

Соңғы жаңалықтар