БҚО-да қуат үнемдеуге ерекше көңіл бөлінбек

ОРАЛ. 14 наурыз. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында қуат үнемдеуге және осы бағыттағы жаңа технологияларға ерекше мән берілмек. Бұл туралы 14 наурыз күні облыс әкімдігінде өткен техникалық семинарда айтылды.

БҚО-да қуат үнемдеуге ерекше көңіл бөлінбек

Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев Елбасымыз энергия үнемдеу ісіне жете мән беріп отырғанын айта келіп, бұл бағыттағы жұмысты батысқазақстандықтар республика көлемінде алғашқылардың бірі болып қолға алғанын жеткізді.

Семинарға қатысқан ресейліктер өздері дайындап шығарған қуат үнемдеу технологияларын ұсынды. «Біз алғаш рет Оралға өткен жылы келдік, - деді Санкт-Петерборда өлшеу құралдарын шығарумен айналысатын ғылыми-өндірістік кәсіпорынның бас директоры Алексей Шиндяпин. - Қаладағы біраз кәсіпорын біздің өнімдерімізге қызығушылықтарын танытты. Соның нәтижесінде құны 1 млрд. теңге болатын өнімдерге тапсырыс түсті. Біз Қазақстанның басқа өңірлеріндегі кәсіпорындармен де жұмыс жасаудамыз. Бір байқағаным, қуат үнемдеу технологияларын пайдалануды қазақстандықтар енді қолға алуда. Бұл бағыттағы жұмыс Ресейде екі-үш жыл бұрын, яғни «Энергия үнемдеу бойынша» заң қабылданған соң жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Қазір біздің кез келген құжатта «қуат үнемдеу» деген бөлім бар. Ол қатаң бақылауда. Осы семинардан бір-екі күн бұрын біз «Орал су арнасы» кәсіпорнында болдық. Су, кәріз жүйелеріндегі жағдайды ресейліктер осыдан он жыл бұрын басынан өткерді. Қуат үнемдегіш жаңа технологияларға көшудің арқасында коммуналдық салалардағы көптеген олқылық жойылды».

Аталмыш ресейлік кәсіпорынның базасында «СПб-Қазақстан» ЖШС құрылған. Осынау біріккен кәсіпорын өзінің заман талабына сай, тиімді әрі бағасы қолжетімді өнімдері арқылы бүгінде ТМД елдеріне кеңінен танылуда. Серіктестік директоры Мансұр Атуллиннің айтуынша, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Экономикалық даму және сауда министрлігі, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының басшылары осынау кәсіпорынның Ақ Жайық өңірінде өндіріс орнын ашқанын оң көріп отыр. Соған орай мемлекет тарапынан қажет қолдау да көрсетілмекші. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындардың қуат үнемдегіш технологиялармен қамтылуына және осы сала мамандарының қайта даярлаудан өтуіне де септігін тигізбек.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің БҚО бойынша басқармасының директоры Қуаныш Кенжеғалиевтің сөзіне қарағанда, «Орал су арнасы» МКК-да жүргізілген жаңғыртулардың нәтижесінде қуат көзін шығындау 34-тен 28 пайызға дейін азайған.