БҚО-да күйші-ұстаз Мұхит Айтқалиевтің 90 жылдығы тойланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұңғыш кәсіби күйші-ұстаз Мұхит Айтқалиевтің (1927-1992) 90 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да күйші-ұстаз Мұхит Айтқалиевтің 90 жылдығы тойланды



Республикаға танымал өнер қайраткерінің туған жері - Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында «Домбыра - достық үні» атты облыстық байқау өткізілді.



Күй байқауына барлығы он үміткер қатысып, бақ сынады. Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде өткен домбырашылар сайысы аудандық ұлт аспаптар оркестрі орындаған Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылды.



Сайыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен оралдық домбырашы Жасұлан Зинединов бас жүлдені жеңіп алды. Бөрлілік Азамат Қалиев бірінші, Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан, қазір облыс орталығында тұратын Рауан Каспи екінші, тағы бір оралдық Берік Шаймарданов үшінші орынға ие болды. Басқа қатысушыларға дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.



М.Айтқалиевтің 90 жылдығына орай Алматыдан арнайы келген өнер зерттеуші, Қаратау шертпелерін алғаш насихаттаушы, ардагер журналист Жаулыбай Иманәлиев күйші-ұстаздың өмірі мен өшпес өнері туралы естелігімен бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, 1975 жылы жарық көрген «Қаратау шертпелері» жинағын бірлесіп дайындаған екен. Мұхит Айтқалиев күйді нотаға түсірудің шебері болған. Сонымен қатар классикалық шығармаларды да домбыраға лайықтап өңдей білген.



Домбырашы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев Мұхит Айтқалиев туралы деректерді ортаға салды.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов байқауға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, сый-сияпаттарды табыс етті.
М.Айтқалиевтің 90 жылдығына орай кеш Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыка колледжінде де (директоры домбырашы Нұржан Сертеков) өтті. Оған қатысушылар ұстаздың өмірінен сыр шертетін «Мұхиттың мұралары» атты фотокөрмені тамашалады.



Шараның басты қонағы, Мұхиттың шәкірті әрі досы Жаулыбай Иманәлиев ұстазы туралы әңгімелеп, Сүгірдің «Қосбасар», «Аққу», халық күйі «Қаратау шертпесін» тартып берді. Педагогика ғылымдарының магистрі, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев М.Айтқалиевтің шығармашылығы туралы баяндаса, Бөкей ордасы ауданында өткен байқауда бірінші орынға ие болған Азамат Қалиев Мұхиттың «Көңіл толқыны», «Баламишка» күйлерін орындады.



Айта кетейік, М.Айтқалиевтің өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда, ол 1927 жылы Орда ауданының Азғыр ауыл советінде (қазір бұл жер Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарайды) дүниеге келген. Шын аты-жөні - Мұхит Өтеуліұлы Қаласов. 1934 жылы әкесі қайтыс болған соң, анасы Азғырдағы балалар үйіне тапсырады. Аталмыш үйде жағдай аса нашар болғандықтан, 40 бала жұқпалы ауруға ұшырап, 1936 жылы Оралға жеткізіледі. 1938 жылы жазылып шыққаннан кейін 1938-1942 жылдары Жымпиты балалар үйінде тәрбиеленеді. 1939 жылы мектепте үздік оқығаны үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне экскурсант ретінде қатысқанымен, 1942 жылы оқудан қол үзіп, Жымпитыдағы ауданаралық колхоз-совхоз театрына қызметке орналасты. 1943 жылы Айбатыров Айтқалидың зайыбы Жұмағыз асырап алғандықтан, содан бастап фамилиясы Айтқалиев болып жазылған. Театрда төрт жыл жұмыс жасағаннан кейін 1946 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар бөліміне оқуға түсіп, оны 1951 жылы бітіріп шығады. Жолдама бойынша Қарағанды қаласындағы балалар музыка мектебінде еңбек еткен ол 1959 жылы кәсіби маман ретінде Алматыға шақырылды. 1967 жылы Шымкентте әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институты ашылған кезде Алматыдағы консерваториядан осында ауысып, халық аспаптары кафедрасының аға оқытушысы болды. 1974 жылы еліне қайтып, Жымпитыдағы музыка мектебінде дәріс берді. Тағдыр теперішін аз көрмеген ұстаз 1992 жылы сәуірде дүниеден озды.

Өмір бойы ұстаздық етіп, домбырашыларды тәрбиелеген Мұхит Айтқалиев шығармашылық еңбекпен де айналысты. Оның «Қаратау шертпелері», «Домбыраға арналған хрестоматия» атты еңбектері республикалық «Жалын», «Өнер» баспаларынан жарық көрді. Қалған төрт жинағы Алматы мемлекеттік консерваториясының кітапханасында сақтаулы болған.