БҚО-да қырғыз театрының өнер шеберлері «Жанұран» драмасын сахналайды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін өңірге өнер сапарымен келген Шаршен Термечиков атындағы Шу облыстық драма театрының өкілдерін қабылдады.
Облыс басшысының қабылдауына келген театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Оросбек Айдаров бастаған қырғызстандық өнер қайраткерлерімен кездесуде екі ел театрларының шығармашылық байланысы сөз болды. Жүздесуден соң меймандар БҚО әкімі Нұрлан Ноғаевтың қырғыз мәдениетін жақсы білетіндігін атап өтті.
1991 жылы құрылған аталмыш театр Ақ Жайық жеріне алғаш рет аяқ басып отыр. Бүгін олар облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Сәби Досановтың «Жанұран» драмасын қоймақшы. Бұл шығармаға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы арқау болған. Спектакльдің бас кейіпкері - Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің рөлін «Үміт» сыйлығының лауреаты Бактыбек Нурматуулу, Фатиманы - Майрамкүл Бегиманқызы, Колбинді - Эрлан Бекчороуулу, Дәметкен ананы - Нарынкүл Токтобекқызы, Алмаз ақынды - Нурбек Урматжануулу сомдайды.
Айта кетейік, қырғыз театры алдағы уақытта да қазақстандық драматургтердің шығармаларын сахналамақшы.