БҚО-да мемлекеттік қызметшілер 50-ге жуық сыйлықты арнайы қорға тапсырған

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Батыс Қазақстан департаментінің басшысы Ермек Сүйербаевтың айтуынша, сыйлықтың дені - кәдесыйлар, картина, мүсіншелер, алкоголь өнімдері, кәмпиттер.
Оның сөзіне қарағанда, барлық мемлекеттік қызметшілер алған сыйлықтарын жеті күн ішінде тапсыруы тиіс.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті уәкілетті орган ретінде арнайы мемлекеттік қорға тапсырылған сыйлықтарды есепке алып, бағалап, сақтайды. Егер сыйлықтар жергілікті атқарушы органға тапсырылса, тізімдеме актісіне қол қойылғаннан кейін уәкілетті органға тиісті хабарлама жібереді.
«Мамандандырылған қорға тапсырылған сыйлықтар веб-портал арқылы нарықтық бағамен сатуға қойылады. Аталмыш сыйлықтарды сатудан 2,5 миллиондай теңге түскен. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қызметші сыйлықты жоғары тұрған органның келісімімен нарықтық бағаға сатып ала алады», деді Е.Сүйербаев.