БҚО-да он күнде жол апатынан 12 адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жыл басталғаннан бергі он күн ішінде жол апаттарынан 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО жол апаты
Фото: БҚО Төтенше жағдайлар департаменті

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің брифингте мәлім еткеніндей, 11 жол-көлік оқиғасынан оған қоса 21 адам түрлі жарақат алды.

«Бұл өткен жылдың екі айында болған жол-көлік оқиғаларымен теңесіп отыр. Мен өңірде жол қауіпсіздігі бойынша төтенше жағдай орын алып отыр деп есептеймін. Мұндай жағдай соңғы 20 жылда болмаған», деп атап өтті Арман Молдиярұлы.

Департамент бастығы жол апаттарының жүргізушілердің қарсы бетке шығып кетуінен болатынын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, республикалық маңызы бар автожолдарға күн сайын 47 патрульдік автокөлік шығып, қауіпсіздікті бақылайды.

«Жүргізушілердің көпшілігі патрульдік автокөлікті көрген кезде жылдамдықты азайтып, жол ережесі талаптарын сақтайды. Ал одан кейін талаптарды сақтамай, апатқа ұрынып жатады. Бұл жерде әрбір шақырымға патрульдік полиция экипажын қою мүмкін емес. Біздің мақсатымыз – жүргізушілерге айыппұл салу емес, керісінше жол апаттарының алдын алу, ескерту, профилактикалық жұмыстар жүргізу», деді А.Оразалиев.

Оның айтуынша, соңғы жол апаты 9 қаңтар күні облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын тас жолының 103-шақырымында болып, 5 адам қаза тапты. Бұлардың төртеуі бір отбасы мүшелері болса, кішкентай 1 сәби ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.

«Бұл жерде де жүргізуші автокөлігімен қарсы бетке шығып кетіп, алдан келе жатқан көлікпен түйіскен. Оған қоса Hyundai Santa Fe жүргізушісі көліктің дөңгелегін қысқы шинаға ауыстырмаған. Яғни жазғы дөңгелекпен жүрген. Полиция қызметкерлері қараша айынан бастап жүргізушілерге қысқы кезеңде дөңгелек ауыстыру керектігін ескертсе де, аталған жүргізуші мұны елемеген. Ал қайтыс болған отбасы мүшелері рулі оң жақта орналасқан Toyota Estima автокөлігінде отырған», деді департамент бастығы.

Өткен жылы облыста 445 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 107 адам көз жұмып, 540-ы түрлі жарақат алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жантүршігерлік жол апатынан 5 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да 5 адам қаза тапқан жол апатына тап болған кішкентай сәбидің жағдайы ауыр.

 

Соңғы жаңалықтар