БҚО-да пара алған аудандық аурухана басшысы үш жылға сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Қаратөбе аудандық сотында аудандық аурухана директорының міндетін атқарған Жасұлан Нұрахуновқа қатысты үкім шықты.
Сот талқысында мәлім болғанындай, аурухана басшысына ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес айып тағылды.
Сотталушы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген тұлға бола тұра, сыбайлас жемқорлық сипатындағы ауыр қылмысты жасаған.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 6 қаңтарда аурухана және «КДЛ ОЛИМП» ЖШС Батыс Қазақстан филиалы арасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бірлесіп орындаушы ретінде медициналық қызметтер көрсету туралы шарт жасалған. Осы жылғы 3 қарашада «КДЛ ОЛИМП Каспий» ЖШС Батыс Қазақстан филиалымен тағы бір шарт жасалған.
2025 жылдың желтоқсан айының басында аурухана директорының міндетін уақытша атқарушы Ж.Нұрахунов зертханалық зерттеулер жүргізу бойынша медициналық қызметтер көрсеткені үшін «КДЛ ОЛИМП» ЖШС БҚФ және «КДЛ ОЛИМП Каспий» ЖШС БҚФ шоттарына аударылған бюджеттік қаражаттан 10 пайыз мөлшерінде ақша түрінде пара алу жөнінде қылмыстық ойға берілген.
Содан кейін 11 желтоқсанда «КДЛ ОЛИМП» ЖШС БҚФ және «КДЛ ОЛИМП Каспий» ЖШС БҚФ директорының міндетін атқарушы Ж.Амришевпен кездесіп, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қоюы және жалпы қамқорлығы үшін аталған шарттар негізінде ақша қаражатының жалпы сомасынан 10 пайыз мөлшерінде пара талап еткен. Сол кезде Ж.Амришев өз келісімін берген.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-дан қаржыландыру нәтижесінде, яғни 2025 жылғы 24-25 желтоқсан және биылғы 22 қаңтарда ауруханадан «КДЛ ОЛИМП» ЖШС БҚФ және «КДЛ ОЛИМП Каспий» ЖШС БҚФ шотына зертханалық зерттеулер жүргізу бойынша көрсетілген медициналық қызметтер үшін жалпы сомасы 3 020 410,07 теңге бюджет қаражаты аударылған. Соның 10 пайызы 300 мың теңге болған.
2026 жылғы 12 мамырда Ж.Амришев Ж.Нұрахуновтың әрекеттері заңсыз екенін ұғынып, ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментіне жазбаша арызбен жүгінген.
Биылғы 13 мамырда сағат 18.40 шамасында Ж.Нұрахунов Қаратөбе ауылында Ж.Амришевтен медициналық қызметтер көрсету бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін 300 мың теңге айтарлықтай мөлшерде пара алған.
Ж.Нұрахунов мүлкін тәркілеусіз, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару және басқа органдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен шеттетілгенін жазған едік.
Мадияр Өтешев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында 7 шілде күні басқарма басшысы ретіндегі қызметін аяқтағанын жазды.