БҚО-да Садық Жақсығұловты еске алуға арналған дәстүрлі турнир мәресіне жетті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тасқала ауданы орталығында қазақ күресінен Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұловты (1924-2009) еске алуға арналған 2003-2006 жылғы жастар арасында облыстық ашық турнир аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батырдың құрметіне әрі Тасқала ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі додада облыс аудандары мен мекеме, ұйымдардан 14 команда құрамында балуандар бақ сынап, алты салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталды.

Жарыс қорытындысында 48 келіге дейінгі салмақта тасқалалық Әмір Сапарғали үздік шықты. 53 келіге дейінгі салмақта тағы бір тасқалалық Ақтілек Ақболатовтың бағы жанды. Жаңақалалық Жалғас Тілекқабыл 60 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Оралдық Бекжан Ғалымжан (67 кг), теректілік Данил Кирилов (90 кг) жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ал, 90 келіден жоғары салмақта тасқалалық Эльнар Жанболатұлы қарсылас шақ келтірмеді.

Э. Жанболатұлы «Түйе балуан» бәсекесінде де барлық қарсыласын жолдан тайдырып, бас жүлдені (300 мың теңге) жеңіп алды.

Тасқала ауданы Мерей ауылынан келген Оралбек Уәлиханов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.

Турнир соңында барлық жеңімпаз-жүлдегерлерге медальдар, дипломдар және демеушілердің есебінен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Бұл жарыс марқұм Садық Шәкелұлы Жақсығұловтың көзі тірі кезінде, 1976 жылдан бастап ұйымдастырылып, республикалық деңгейде де өтіп жүрді.

Садық Жақсығұлов 1924 жылы 7 қарашада Жаңақала ауданында дүниеге келген. 1941 жылға дейін май зауытында жұмыс істеген. 18 жасында майданға сұранып, Курск иініндегі сұрапыл шайқасқа қатысқан. Днепр өзенінен алғашқылар сапында өтіп, жау техникасы мен адам күштерін шығынға ұшыратып, қаруластарының өзеннен өтуін қамтамасыз еткені үшін миномет расчетының сержанты Садық Жақсығұловқа Батыр атағы берілді. Еуропаның біраз жерін фашизмнен азат етуге атсалысқан Батыр Жеңіс күнін Аустрия жерінде қарсы алды.

Елге оралғаннан кейін көп жыл Тасқала ауданында партия, кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Тасқала ауданының құрметті азаматы атағын алған С. Жақсығұлов 2009 жылы 85 жасқа аяқ басқан шағында өмірден озды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 98 жастағы Вениамин Скаленконың аға буынның ерлігі мен еңбегін ұмытпау керектігі туралы айтқанын жазған едік.

Сондай-ақ, БҚО-да майданнан оралмаған сарбаздың дерегі 80 жылдан кейін табылды.

Фото: Гүлмира Мақанова


Соңғы жаңалықтар