Аға буынның ерлігі мен еңбегін ұмытпау керек – 98 жастағы Вениамин Скаленко

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жеңіс күніне орай Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Вениамин Скаленко өзінің өмір жолы туралы ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

-Вениамин Пантелеевич, әкелеріміздің қанымен, аналарымыздың маңдай терімен келген Жеңіс күні құтты болсын! Сіздің қатарыңыз жыл санап сиреп барады. Алдымен майданға қалай аттандыңыз, сол жөнінде айтсаңыз?

-Мен қазіргі Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында шаруа отбасында туып-өстім. Әкем Пантелей Терентьевич пен анам Пелагея Осиповна, екеуі де колхозда еңбек етті. Әкем кейін соғыс жылдары Свердловск (қазір Екатеринбург) қаласында әскери зауытта жұмыс жасап жүріп, сонда қайтыс болды. Отызыншы жылдардағы аштықтың кесірінен мектепке жай бардым. Алтыншы сыныпта оқуды тастап кеткенім есімде. Бірақ әкемнің кіші қарындасы келіп, мені дұрыс жолға түсіріп, мектепке қайтып бардым, сол үшін оған мың алғыс. 1942 жылы Бөрлі мектебінің тоғызыншы сыныбын бітіргеннен кейін 18 жасқа толмастан әскер қатарына алындым. Бізді майданнан жараланып қайтқан сарбаз мектепке жинап, әскери өмірге үйретті. 15 тамызда ауылдық кеңеске шақырып, Бөрліде әскери комиссариат болмағандықтан, Теректі ауданы орталығы Федоров ауылына баратынымызды айтты. Содан комиссиядан өтіп, Яик ауылына дейін жаяу жүріп, одан вагонмен Орал қаласына жеттік. Осында көшіп келген Ленинград әскери байланыс училищесінде алты ай оқыдық.

1943 жылы Мәскеу маңындағы Дмитров қаласына курсант ретінде әуе десанты әскеріне жіберіліп, парашютпен секіріп, жау тылында ұрыс жүргізуге жаттықтық. Біздің 98-гвардия әуе десанты дивизиясы Карел майданындағы аса ауыр шайқастарға қатысты. Әсіресе, Ленинградтың солтүстігіндегі Лодейное поле қаласы маңындағы Свирь өзенінен өту оңай болған жоқ. Соғыс талай жастың қыршын өмірін жалмап жатты. Бір мысал айтайын, майданға дайындалып жүргенімізде, ойымызда ештеңе жоқ, Володя Давидов деген өзім сияқты курсантпен тамақ ішер алдында әңгімелесіп тұрғанбыз. Кенет Володя құлап бара жатты, сөйтсек, снайпердің оғы басынан дәл тиген екен. Оның орнында кез келген жауынгердің болуы мүмкін еді. Сөйтіп ол алдыңғы шепке жете алмай кетті.

Свирь өзенінің арғы жағында финдер орналасқан. Табиғаты да жап-жасыл, әдемі жер екен. Шабуыл алдындағы артиллериялық дайындықтан кейін сол жерден түк қалмады. Өзеннен қайықпен, салмен өтуге тура келді. Қайық аударылып, шағын радиостанцияны қалай көтеріп шыққанымды білмеймін. Әйтеуір аман өттім. Сол ерлігім үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Қиындықты белшеден кешкенімізге қарамастан, Карелияның батпағымен 400-дей шақырым жерді жүріп өттік. Соның нәтижесінде Финляндия қарсылығын тоқтатты.

Фото; Вениамин Скаленконың жеке мұрағатынан

-Бұдан кейін қай жерлермен өттіңіз?

-3-Украина майданында да жағдай оңай болған жоқ. Біздің дивизияны әуелі Польша астанасы Варшава маңына, содан кейін Румыния арқылы Мажарстанға жіберді. Мұнда Балатон көлі маңында неміс фашистері командованиесі отыз шақты танк дивизиясы мен жаяу әскерін шоғырландырған екен. Мажарстанның Варпалота, Цеглед, Будапешт, Аустрия астанасы Вена, Чехословакияның Брно, Братислава қаласы үшін болған ауыр айқастар жадымда сақталып қалды. Аустрия шекарасында тағы бір ажалдан аман қалдым. Ұрыс арасындағы тыныштық еді. Мен сонда да каскамды тастамай жүргенмін. Қасымдағы жігіттер «Шешіп тастасаңшы» деді. Мен «Шешіп, қайта киіп жүрем бе?» дедім, сөйткенше болған жоқ, снарядтың жарықшағы каскаға келіп тиді. Басым айналып кетті, кейін білдім, жеңіл дәрежедегі контузия алған екенмін. Бірде жау ұшағы бомбалаған кезде кәріз арналарына түсіп, аман қалдық. Тағы бір эпизод айтайын. Аустрияның Грюнбах қаласы маңында жау біздің қорғанысымызды бұзып өтуге тырысты. Дивизион командирі, капитан Колесник бақылау пунктіне байланысшы керек деген соң біздің танкіге қарсы батарея командирі мені жіберді. Бақылау пунктінде қарап отырсам, дұшпанның жаяу әскері мен танктері келе жатқанын көріп, танкіге қарсы батарея командирі, аға лейтенант Васильчиковқа хабарлап үлгердім. Өзім де автоматтан оқ жаудырдым. Біздің ержүрек артиллеристер танк шабуылының бетін қайтара білді. Осы қырағылығым мен батылдығым үшін өңіріме «Ерлігі үшін» медалін тақтым.

Біздің Кутузов және Жауынгерлік Қызыл Ту орденді 98-гвардиялық Свирь дивизиясы соғысты 1945 жылы 12 мамырда Чехословакия жерінде Братиславаны босатқан соң аяқтады.

Фото; Вениамин Скаленконың жеке мұрағатынан

-Бірақ елге бірден қайтпапсыз ғой?

-Иә, дивизияны әуелі Владимир облысы Муром қалашығы, одан Қиыр Шығысқа, Маньчжуриямен шекараға жіберді. Әскерден әуелі мұғалімдерді, содан кейін медицина қызметкерлерін босатқаны белгілі. Мақтанбай-ақ қояйын, мен Морзе әліппесін өте жетік меңгердім. Қажет цифрлар мен деректерді тез жіберіп, жедел қабылдап үлгеретін едім. Соны ескерді ме, 1947 жылғы наурыз айының алғашқы күндері дивизия командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Герасимов тағы бір радист екеумізді жоғары білікті радио-телеграфист ретінде алысқа жүзетін кемелерде радиостанция бастығы болып қалуға шақырды. Мен ауылды, туған жерді сағынғаным бар, бірден үйге қайтқым келетінімді білдіріп, келіспедім. Елге қайтардан бір күн бұрын дивизия штабына қайта шақырғанымен, мен дегенімнен қайтпадым. Полковник қатты ренжіп, кейін өкінетінімді айтты.

Осылайша, гвардия аға сержанты шенімен туған ауылға оралдым. Оның да қызық тарихы бар. Үш аптаға созылған сапар барысында Орынборда соғыстың қиямет көпірінен өткен алты жерлесімді кезіктірдім. Тауар вагонына отырып, Қазақстан станциясына жеттік. Наурыздың аяғы, қар еріп кеткен. Шыңғырлау, Қараоба өзендері тасып, су жайылған. Жергілікті тұрғындар жол сілтеп, Аңқатыға дейін тауар вагонымен жетіп, одан теміржол көпірі арқылы сол кезде аудан орталығы болған Бөрлі ауылына дейін жаяу жетуіміз керектігін жеткізді. Соншама қиындықпен келсем, үйде тамақ жоқ екен. Анам құрбы әйелінен картоп пен ұн сұрап әкеліп, самса пісіріп берді.

Фото; Вениамин Скаленконың жеке мұрағатынан

-Бірден жұмысқа кірісіп кеткен шығарсыз?

-Әрине, оның үстіне көктемгі егіс науқаны жүріп жатыр екен. Колхозшылар еңбеккүн үшін жұмыс істейтін өте ауыр уақыт еді. «Труд крестьянина» колхозында еңбек жолым басталды. Шаруашылықта ешқандай техника жоқ. Өгіз, ат соқамен жер жыртып, иығымыздағы қаптан дән алып себетінбіз. Тоғызжылдық мектеп бітіргеніммен, көкейімде мамандық алсам деген арман болды. 1951 жылы колхозшылардың жалпы жиналысында мені Оралға басшы кадрларды даярлау жөніндегі бір жылдық курсқа жіберу туралы шешім қабылданды. Бітіріп келсем, сол кездегі аудан басшысы Алексей Красавцев мені Киров атындағы колхозға жіберу туралы ұйғарым жасап қойған екен. Сонда агроном әрі партия ұйымының хатшысы қызметін қоса атқардым. Үш жылдан соң отбасылық жағдайыма байланысты аудандық статистика инспекциясына инспектор болып ауыстым. Жазда велосипедпен, қыста атпен жүретін едім. Кейін бастық та болдым. Осы жерде облыстық статистика басқармасын басқарған Сабыржан Рафиковтай керемет жанды айтпай кете алмаймын. Сол кісі 1962 жылы мені қоярда-қоймай Оралға шақырып, басқарманың бөлім басшысы етіп бекітті. Сосын басқарма басшысының орынбасары, басқарма бастығы қызметтерін атқардым. Статистика саласында отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек етсем, соның алты-жеті жылында бастық болдым. 1985 жылы зейнетке шыққаныммен, сол кездегі облыс басшысы Мұстахим Ықсановтың ұйғарымымен қызметімде қалып, 1992 жылға дейін жұмыс жасадым.

-Өзіңіз айтқандай, «сұлуыңыз», өмірлік жарыңызбен қашан жолықтыңыз?

-Ксения Федосеевна Украинадан әуелі Шығыс Қазақстанға, сосын осы Бөрліге қоныс аударған. Әкесі соғыс кезінде хабарсыз кеткен, өзі анасымен бірге тылда маңдай терін сыпырып, еңбек етіп жүр екен. 1949 жылы наурызда жолықтырып, бір-бірімізді ұнаттық. Содан 16 наурыз күні арбаға атты жегіп, үйге алып келдім. Сүтін талғажау етіп отырған жалғыз сиырды қалай соямыз, ешқандай той жасай алмадық. Ксения екеуміз Елена, Виктор есімді ұл-қыз өсірдік. Елена медицина училищесін бітірген, кейін отбасымен Самара облысына көшіп, сонда 70 жасында дүниеден өтті. Ұлым автобус паркінде жүргізуші болып, зейнетке шықты. Екеуінен немере-шөбере, шөпшек сүйіп отырмыз.

Сүйген жарым екеуміз, міне, 74 жыл бойы қол ұстасып, бірге келеміз. Жеңіс күнін жыл сайын ұрпағымызбен, ағайын-туғандарымызбен атап өтеміз.


-Вениамин Пантелеевич, бұйырса, алдағы жылдың 20 қазанында жүзге келеді екенсіз, ұзақ өмір сүрудің сыры неде деп ойлайсыз?

-Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Арақтың дәмін соғыстан кейін таттым да, қайтып ауызға алмадым. Темекі тартпадым десем болады. Серілік құрған жоқпын (күлді). Жалпы, өз басым адамдарға жақсылық жасағанды жаным сүйеді. 90 жасыма дейін өзім тұратын көпқабатты үйдің үлкені (старший) ретінде қызмет жасадым. Қазір де біреулер көмек сұраса, ақыл-кеңесімді аяған емеспін.

-Соңғы сауал, Жеңіс күніне орай қандай тілек айтар едіңіз?

-Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Кеңес одағы атанған ел 27 млн адамынан айырылды. Жеңіске бірлік пен ұйымшылдықтың, достықтың арқасында қол жеткіздік. Сондықтан біз аға буынның жанқиярлық ерлігі мен ұлан-асыр еңбегін ұмытпауымыз керек. Әсіресе, жас ұрпақты кішкентайынан еңбекке тәрбиелеп, олардың бойында отаншылдық сезімін байытуға күш салуымыз керек. Бұрын түрлі үйірмелер бәріне үйрететін. Адам қаршадайынан қандай мамандыққа бағытталса, соған үйір болады. Мысалы, Бөрліде әскери ұшқыш соғыстан соң мектепте ешқандай ақы-пұлсыз әуе үйірмесін жүргізіп, содан тәлім алғандардың арасынан профессор, конструкторлар шықты. Әріні айтпай-ақ, менің зайыбым мектепте жүргенде-ақ тігіншілікті үйренді. Сауда саласында қызмет етсе де, тігін машинасын тастаған жоқ. Қорыта айтқанда, білім мен тәрбиені тең ұстап, ұстаздардың мәртебе-беделін көтеру керек деп ойлаймын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

-Әңгімеңізге рахмет! Жүз жасаңыз!


Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Иван Гапичке Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табыс етілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар