Оралда Иван Гапичке Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табыс етілді

None
Фото: Эльвира Меңдіғали
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде соғыс және прокуратура ардагері Иван Гапичке Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі майдангерге «Халық қаһарманы» атағын беріп, оларды айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен марапаттағанын бұған дейін жазған болатынбыз.



Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы және Жеңіс күнімен құттықтады.

«Қазақ даласын соғыс оты шарпымағанымен, қабырғасы қайыспаған шаңырақ қалған емес. Соғысты есту оңай болғанымен, көру қиын. Оны соғыс жылдары от кешкен ардагерлеріміз жақсы біледі. Жау әскерінің табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыстың алапат өрті облысымыздың Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын шарпып өтті. Батыс Қазақстан облысынан майданға 76 мың жауынгер аттанып, олардың 36 мыңы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты. Біздің өңірдің соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор. Майданда аталарымыз жаумен алысса, тылда аналарымыз аянбай еңбек етті», деді өңір басшысы.


Бұдан кейін облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірге жұмыс сапары кезінде Иван Степанович Гапичті ғасырлық мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсеткенін атап өтті.

«Қадірлі Иван Степанович! Сізді соғыс кезіндегі ерлігіңіз және бейбіт кездегі еңбегіңіз үшін «Халық қаһарманы» атануыңызбен құттықтаймын», деген Нариман Төреғалиев майдангерге «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін тапсырды.

«Президентке менің Жеңіске қосқан үлесім мен прокуратура саласындағы ұзақ жылғы еңбегімді жоғары бағалағаны үшін алғысымды айтамын. Бұл атақ Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және жуырда атап өткен 100 жылдық мерейтойыма орай беріліп отыр деп ойлаймын. Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлын Жоғары бас қолбасшы ретінде мерекемен құттықтап, оған мықты денсаулық, барлық бастамалары мен еңбегіне табыс пен сәттілік тілеймін. Елімізде тек бейбітшілік пен тыныштық салтанат құра берсін. Отаныма бұдан былай да адал қызмет ете беремін», деді Иван Гапич.


Салтанатты жиында өлкетанушы, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай, прокуратура саласының ардагерлері Жеңіс Қапезов пен Шолпан Шоңаева Иван Степанович туралы жылы лебіздерін білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жеңіс шеруіне қатысқан батысқазақстандық майдангердің 100 жасқа толғанын жазған едік.






Соңғы жаңалықтар