БҚО-да сауда үстемесін асыра белгілеген 9 кәсіпорын жауапқа тартылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында тұтыну нарығын қорғау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне соқтыруы мүмкін деректердің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне белгіленетін шекті сауда үстемесінің мөлшері өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс.
Сауда үстемесін белгіленген мөлшерден асырып жібергені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Департамент мәліметі бойынша 2025 жылы сауда үстемесін асыра белгілегені үшін 9 көтерме жабдықтаушы кәсіпорны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, картопты сату кезінде бағаның 725,5 пайыз, пияз – 381,5, қарақұмық жармасы – 225,8, тауықтың сан еті – 92,6, ал тауық жұмыртқасы 54 пайызға дейін негізсіз қымбаттатылғаны анықталды.
Сондай-ақ мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын мемлекеттік мекемелерге жеткізу кезінде де сауда үстемесінің арттырылғаны белгілі болды. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу аясында жасалған 6 келісімшарт бұзылды.
- Жыл басынан бері департамент бөлімшелері бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін жеткізу және оларға баға белгілеу тетіктеріне мониторингті күшейтті. Соның нәтижесінде облыстың 7 мекемесі конкурс жариялаған кезде-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алу барысында шамамен 9,8 млн теңге үнемделді. Қазіргі уақытта тағы бір дерек қаралуда, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда күдіктілер бес жыл бойы тұрғындарға заңсыз шағын несие бергенін жазған едік.