БҚО-да «Сырым» автобекетінің жөндеуге қашан жабылатыны белгісіз
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу бекетінің қайта жаңғырту жұмыстарына қашан жабылатыны белгісіз болып отыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда мәлім еткеніндей, жалпы жобаның құны — 21 млрд теңге.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыс 16 айға есептелген. Бұдан бұрын хабарланғанындай, «Сырым» бекетін 1 ақпаннан жабу көзделсе, бұл мерзім кейінге қалдырылып отыр.
Мұның себебі мердігерлер арасында сот рәсімі жүріп жатқанына байланысты. 2024 жылдың аяғында мердігер анықталғанымен, жеңіліп қалғаны мұнымен келіспей, сотқа берді. Сот аяқталғаннан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу уақыты анықталатын болады.
— Жоба бойынша өткізу бекеті толықтай жаңартылады. Осыған дейін 6 жолақ болса, енді 12-ге (алтауы — кіру, қалған жартысы — шығу жолағы) жетпекші. Жаяу жүргіншілер бөлек, автокөліктер бөлек өтеді. Сонымен қатар, үлкен әкімшілік ғимараты салынады. Қазіргі кезде сыртта атқарылып жүрген жұмыстың бәрі ғимарат ішінде жасалатын болады. «Сырым» өткізу бекетін толық жаппау, бір жолағын болса да қалдыру жөнінде ұсыныстар айтылып жатыр. Бұған байланысты шешімді ҚР ҰҚК Шекара қызметі қабылдайды, — деді А.Мардан.
«Сайфулин» ЖК директоры Рустам Сайфулин осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, халықаралық тасымалдаушылар үшін «Сырым» негізгі өткізу бекеті болып есептеледі.
— Егер бекет жабылатын болса, қалғандарында жағдай қиындайды. Өйткені ол бекеттер мұндай тасқынға дайын емес. Қазір біз Еуропаға айына бір рет жүк тасымалдаумен барып қайтсақ, бекет жабылғаннан кейін екі айда бір рет қатынауға тура келеді. Бюджеттік аударымдар, жалақы және несиені төлей алмаймыз. Біз шекараны толық жаппай, автокөліктердің өтуі үшін жолақтар қалдыруды ұсынамыз, — деді Р.Сайфулин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекеті 16 айға жабылуы мүмкін екендігін жазған едік.