БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекеті 16 айға жабылуы мүмкін
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу бекетін 16 айға жабу жоспарланып отыр.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасы орынбасарының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы хатында жазылған.
Аталмыш хатта хабарланғанындай, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр 2024 жылғы 28 маусымда бекіткен 2024-2030 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында өткізу пункттерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осыған сәйкес Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Әлімбет» және «Сырым» өткізу бекеттерін 2025 жылғы 1 ақпаннан 16 ай мерзімге уақытша жабу көзделіп отыр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаменті бұл жұмыстың жоспарланып отырғанын, соған қатысты ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ беретінін жеткізді.
- Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекетін жабу туралы шешімді ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің келісімімен ҰҚК Шекара қызметі шығарады. Жақын арада бұл мәселені уәкілетті органдармен бірлесіп талқылау ойластырылуда, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан.
Өз кезегінде Орал қаласының тұрғыны, жүргізуші Жарқын Мағзомов аталған бекет жабылса жүргізушілер мен шекарадан өтетін тұрғындар қиналатынын айтты.
- Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан мен Самара облыстарының шекарасында орналасқан «Сырым» өткізу бекетінде көлік кептелісі жиі болып жүргені көпшілікке мәлім. Енді оны осыншама уақытқа жабатын болса, бұл жүргізушілер мен шекарадан өтетін тұрғындар үшін қиындық туғызатыны анық. Сондықтан мұны жан-жақты ойластыру қажет, - деді Орал қаласының тұрғыны, жүргізуші Жарқын Мағзомов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісі туындағанын жазған болатынбыз.